ЭКСПО-ға 2,3 миллион турист келеді

ЭКСПО-ға 2,3 миллион турист келеді

ЭКСПО-ға 2,3 миллион турист келеді
ашық дереккөзі
"Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ басшысы Ахметжан Есімов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысы туралы баяндады, деп xабарлайды ҚазАқпарат. "Қазіргі уақытта ЭКСПО-ның 20 нысанының 18-і аяқталды. Екі нысан салыну үстінде, олар - Конгресс орталық (жаңа Конгресс холл сарайы - ред.) пен қонақүй. Конгресс орталық Сіздің тапсырмаңызбен қайта жобаланды. Қонақүй де берген ескертулеріңіздің негізінде өзгертілді. Сонымен қатар инвесторлар тартылды. Нәтижесінде оның құны 20 млрд. теңгеге қысқарды. Инвесторлардың салған қаражатын ескерсек, мемлекеттік бюджет қаржысының шығыны 30 млрд. теңгеге дейін қысқарады. Конгресс орталық та қайта жобаланды, соның арқасында оның функционалдық мүмкіндігі кеңейді және одан 9 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік туды. Бұл екі нысанның құрылысы мамыр айының соңында аяқталуы тиіс. Шетел президенттерін осы жерде қарсы аламыз, ЭКСПО-ның ашылуы осында болады", - деп атап өтті А. Есімов. Оның сөзінше, ЭКСПО-ның 115 қатысушы мемлекеттің 110-ы өз павильондарын алды, 90-ы - безендіруге кірісті. Ең басты - "Нұр Әлем" павильонын безендіруге Италия, Испания және Швейцария әріптестерімен бірге "Cembol" компаниясы айналысуда. Қатысушыларға қызмет көрсету орталығы іске қосылды. Ол бір терезе принципі бойынша жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 28 мыңнан астам адам аккредитациядан өтті. 500 БАҚ өкіліне арналған баспасөз орталығы құрылды. Көрменің қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы да ашылды. Сонымен қатар кедендік қызметі бар логистикалық орталық ұйымдастырылды. "Астанаға ЭКСПО кезінде 2,3 миллион турист келеді. Көрмеге келушілер саны 5 млн. адамды құрайтыны жоспарлануда. Қазіргі таңда 930 мың билет сатылды. Билеттерді 44 шет мемлекеттер де сатып алды", - деді ол.