Актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева ұшақ ішінде болған келеңсіз жағдай жайлы жазды. Ол сөзінде бортсерікке деген өкпесі қара қазандай екенін жасырмады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол шөлдеген соң, ұшақ қызметкерінен бір бөтелке су сұраған. Алайда бортсерік оған «Бөтелкедегі су жоқ» деп жауап берген. Дегенмен ол: «Олай болса, ауызашар уақыты таяғанда бір стақан су беріңізші» деп өтініш жасаған.
«Ауызашарға 20 минут қалғанда бортсерікті шақырдым, бірақ ол келмеді. Қызыл батырманың жанып тұрғанын көрсе де, назар аудармады. Кейін ауызашарға 10 минут қалғанда жанымнан өтіп бара жатқан тағы бір бортсерікке “Бір стақан су беріңізші” дедім. Ол кезде қолымда немерем жылап отырған. Сонда ол “Ұшақ қонған соң өзіңіз келіп іше аласыз” деп жүріп кетті», – дейді өнер иесі.
Бұл оның ашуына тиген.
«Ұят емес пе?! Қандай елде өмір сүріп жүргендеріңізді білесіздер ме? Қазір Рамазан айы ғой. Ашудан қолым дірілдеп кетті», – деген ол.
Сондай-ақ әнші мұндай жайтты бұрын бұлай әлеуметтік желіге жазып көрмегенін. Бірақ бұл жолы шамына қатты тигенін айтқан.
«Бұл енді сұмдық қой! Ораза уақытында 20 минут бұрын стюардессаны шақырып, бір стақан су сұрап та ала алмадым. Қолымда кішкентай немерем жылап отыр. Соған қарамастан, ұшақ қонғаннан кейін келіп ішіп кетесіз дейді. Түрлері де жасанды, масқара. “Әр жолаушы біз үшін маңызды” деп айтады, бірақ ол бос сөз. Өмірімде бірінші рет осыншалық ашуланып, осыны желіге жазып отырмын», – деп жазды ол.