Алматы қаласы Жетісу аудандық полиция басқармасы профилактикалық іс-шаралар барысында алкоголь өнімдерін өткізу талаптарын бұзудың 45 дерегін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған құқық бұзушылықтар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабымен қарастырылған.
Сонымен қатар тексеру барысында бір дүкенге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Іс материалдарын қарау нәтижесінде сот алкоголь өнімдерін сату лицензиясының қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта аталған сауда нысанының қызметі тоқтатылып, жұмыс істемей тұр. Бұдан бөлек тексерулер кезінде алты дүкеннен алкоголь өнімдері тәркіленді. Аталған фактілер бойынша материалдар сотта қаралды.
Сондай-ақ тексеру барысында бір диско-бардың әкімшілігі де жауапкершілікке тартылды. Нысаннан шамамен 400 литр алкоголь өнімі тәркіленді.
Жалпы жүргізілген іс-шаралар аясында заңсыз айналымнан 1 мың 150 литрден астам алкоголь өнімі алынды.
Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Ильяс Өмірсеріков алкоголь өнімдерінің айналымына қатысты заң талаптарының сақталуын бақылау алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
– Біздің басты міндетіміз – заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу. Белгіленген талаптарды бұзудың кез келген фактісі дер кезінде тоқтатылып, кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады, – деді Ильяс Өмірсеріков.