Хангелдиндер қалдырған із

Хангелдиндер қалдырған із

Хангелдиндер қалдырған із
ашық дереккөзі
784
Таяуда Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде Айтбай және Садықбек Хангелдиндерді еске алуға арналған дөңгелек үстел өткізілді. Аталмыш мекеме соңғы 20 жыл көлемінде мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет пен өнердің көрнекті өкілдерінің жеке архивтерін жинақтау бойынша үлкен жұмыстар атқаруда. Өйткені ел тарихының айтулы кезеңдері жекелеген тарихи тұлғалардың жеке тектік құжаттары арқылы сипатталатын болса, тарихты кез келген жанның түсінуі мен қабылдауына оңай болады. Ағайынды Хангелдиндер Қызылорда облысының тумалары, Қазақстан мәдениетінің көрнекті өкілдері. Айтбай Хангелдин 1966 жылы өз өмірбаянында: «1917 жылдан 1920 жылға дейін Қызылорда қаласының балалар үйінде болдым, 1920-1924 жж. Шымкент қаласында педагогикалық техникумда оқыдым. 1924-1928 жылдар аралығында  Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтта оқыдым», – деп жазады. Студенттік шағында араласқан адамдар жазушының шығармашылығына үлкен әсер еткен. Ғани Мұратбаевпен жеке таныстығының нәтижесінде «Ғанидың жұлдызы» шығармасын дүниеге әкелді. Ол М. Горький, А. Чехов, Н. Гоголь сынды орыс әдебиет классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударған. Жазушының жеке архиві бірегей құжаттар мен фотосуреттерден тұрады. ҚР Президенті Архивінің директоры Борис Әлікенұлы Жапаров өз сөзінде Хангелдиндер өмірінің өскелең ұрпақ үшін өнеге бола алатындай маңызды сәттерге толы екендігін атап өтті. Дәлірек айтсақ, Айтбай Хангелдиннің ХХ ғ. 20-жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институтында оқыған шағы қазақтың айтулы тұлғалары Байтұрсынов, Сейфуллин, Мұратбаев кезімен тұспа-тұс келеді екен. Садықбек Хангелдиннің  өмірбаяндық құжаттары комсомол және партия органдары қызметтеріндегі мәліметтермен қоса оның шығармашылық құжаттарымен де маңызды. «Мәңгілік ел» қайраткерлері» циклі аясындағы  Айтбай және Садықбек Хангелдиндерге арналған шарада тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырылып, Садықбек Хангелдин туралы деректі фильм көрсетілді.

Жанар Сатаева,

Қазақстан Республикасы Президенті

архивінің баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары