Жаңа Конституцияның әр нормасы ұлт мүддесіне қызмет етеді – Тоқаев

/
Жаңа Конституцияның әр нормасы ұлт мүддесіне қызмет етеді – Тоқаев
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйлеп, қыз-келіншектерді құттықтады. Сондай-ақ алда келе жатқан референдумға тоқталып, жаңа Конституция Қазақстан халқының бірлігін, этносаралық, конфессияаралық келісімді, толеранттылықты нығайтатын нормалар бар екенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қуатты және тұрақты экономикасы бар Әділетті, бәсекеге қабілетті Қазақстанды құруға жетелейтін орнықты дамудың институттық және құқықтық негіздері Конституция жобасында көрініс тапты. Ал қазіргі Ата Заңымыз қабылданған шақта Қазақстан еңсесін енді тіктеп жатқан еді. Ол кезде Егемендікті сақтап қалу, билік институттарын құру, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеттеріне басымдық берілді. Бүгінгі Конституция еліміздің қол жеткізген барлық жетістігінің бастауында тұрды. Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Бірақ заман бір жерде тұрмайтыны белгілі. Қазір Қазақстан – халықаралық беделі биік, саяси жүйесі мығым, экономикасы орнықты дамып жатқан қуатты мемлекет. Шетелдегі саясаткерлер мен сарапшылар елімізді ірі орта мемлекет ретінде мойындап, құрмет білдіруде. Біз БҰҰ Жарғысының негізіне айналған халықаралық құқық сақталуы қажет деп санаймыз. Алдағы уақытта да осы қағидаттан айнымаймыз. Бұл – Қазақстанның нақты ұстанымы. Еліміздің Конституциясында ұлттық заңнама талаптарын ескермей, оны екінші орынға қоятын екіұшты ереже болмауы керек. Бұған жол беруге болмайды. Бұл да Тәуелсіздік пен Егемендік мәселесі», – деді ол.

Мемлекет басшысы саяси, рухани құндылықтарымызды құқықтық тетіктер арқылы күллі қоғам болып қорғауға міндетті екенімізді айтты.

«Ата Заңымызда Қазақстан халқының бірлігін, этносаралық, конфессияаралық келісімді, толеранттылықты нығайтатын нормалар бар. Бұл – біздің саяси, рухани құндылықтарымыз. Сондықтан оны құқықтық тетіктер арқылы күллі қоғам болып қорғауға міндеттіміз. Қазақстанның экономикасы Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі ең үлкен экономика саналады. Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылды. Бұл 20 миллион халқы бар ел үшін жақсы нәтиже деп айтуға болады.  Біз барлық елдермен тығыз қарым-қатынасты дамытып, теңгерімді, салиқалы, ұлт мүддесіне сай сыртқы саясатты жүргізе отырып, өз жолымызбен жүріп келеміз. Ал жаңа Конституцияны қабылдау, бұл – уақыт талабы, мемлекетіміздің алдында тұрған өзекті, шұғыл міндет. Бас құжаттың жобасы Қазақстанның тұғыры берік, бағдары айқын, алысқа көз тігетін озық ойлы ел екенін көрсетеді. Оның әр нормасы ұлт мүддесіне қызмет етеді. Ата Заң жобасында Әділдік пен Отаншылдық, Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Адалдық қағидаттары айқын көрініс тапты. Біз бәріміз бір ұлт болып тарихи жолдың торабына жеттік, енді халқымыз келе жатқан жалпыхалықтық референдумда ел тағдырына әсер ететін таңдауын жасайды. Мен жаңа Конституцияның мән-маңызына жақын арада тағы да кеңірек тоқталамын», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар