Жаңа Конституция жобасында әйелдер құқығының ерекше ескерілуі көңіл қуантады – Гүлмира Қаженова

/
Жаңа Конституция жобасында әйелдер құқығының ерекше ескерілуі көңіл қуантады – Гүлмира Қаженова

Бүгін Астанада «Әйел әлемі – ел тағдырына жауапкершілік» атты форум өтті. Форумға қатысқан Ұлытау облысының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры, мәслихат депутаты, «АMANAT» партиясының облыстық филиалының жанындағы Әйелдер қанатының кеңесшісі Гүлмира Қаженова аймақтағы кәсіпкер әйелдердің жаңа Конституция жобасын қолдайтынын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Кәсіпкерлер үшін жаңа Конституция жобасы – тек саяси құжат емес, экономикалық еркіндіктің негізі. Сондықтан аймақтағы кәсіпкерлер бұл маңызды құжатты мұқият оқып, негізгі қағидалары мен басымдықтарын өзара талқылаудамыз. Кәсіпкерлер палатасының директоры ретінде мен әділеттілік, заң және тәртіп қағидаттарының конституциялық деңгейде бекітілгенін ерекше бағалаймын. Бизнесте мұндай құқықтық сенімділік кез-келген жеңілдіктерге қарағанда маңызды. Бизнес тек пайда ғана әкелмейді, тек экономикаға үлес қоспайды. Сонымен қатар мемлекеттің адами капиталды, әлеуметтік тұрақтылықты, ел болашағын дамытудағы негізгі серіктесі», – дейді ол.

Гүлмира Қаженова жаңа Конституция жобасында әйелдер құқығының ерекше ескерілгенін атап өтті.

«Ата Заң – кәсіпкерлердің Үкіметке деген сенімін күшейтеді, азаматтардың бастамаларының қорғалуына кепіл болады. Әсіресе, кәсіпкер әйелдер үшін маңызды. Өйткені тұрақты ережелер жоспарлауға, инвестициялауға және өсуге мүмкіндік береді. Сондықтан қыз-келіншектер референдумда жаңа Конституция жобасын қолдау дауыс берушілердің алдыңғы қатарында болады деп ойлаймын. Кәсіпкер әйелдердің бұл жұмысқа белсене араласатынына сенемін. Себебі жаңа Конституция жобасында әйелдер құқығының ерекше ескерілуі құқықтық мемлекеттің қалыптасқанын және дамып келе жатқанын көрсетеді. Ал әйелдердің дауысы ескерілген Конституция қоғам өміріне әлдеқайда жақын әрі мықты болады деп ойлаймын», – дейді ол.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары