Өзара дөңайбаттың дүмпуі

Өзара дөңайбаттың дүмпуі

Өзара дөңайбаттың дүмпуі
ашық дереккөзі
Үшінші дүниежүзілік соғыстың сыбысы шыққанына біраз жылдың жүзі болған. Ендігі дүбірі таяп қалған сияқты естіледі. Бұған түрткі – АҚШ президенті Дональд Трамптың соңғы екі аптада қабылдаған саяси шешімдері. Барак Обаманың тұсында сегіз жыл бақылаушы рөлін атқарған АҚШ сыртқы саясатын күрт өзгертіп, реттеуші функциясына қайта кірісті. Уақыт спиралінің кезекті  шеңберінде осыдан жарты ғасыр бұрынғы жағдайға ұқсас тарихи сәт тағы қылаң берді: Мәскеу мен Вашингтон ашық теке-тіреске түсіп, күш сынасуға әзірлік жасап, өзара дөңайбат көрсетіп отыр. Мұндай жағдайда «ғаламдық соғыс үшінші мәрте тұтана ма?» деген қауіптің күшеюі заңды. Соңғы екі аптада ғаламдық саясаттағы оқиғалардың тізбегі шырғалаңға толы. 7 сәуірде Ақ үй Сирияның Хомс авиабазасына 59 «Томагавкі» зымыранын тастағанда, мұны жаңа әкімшілік ұстанған бағыт нышаны, әлде Трамптың құбылмалы мінезінің салдары екенін аңдай алмай, халықаралық қауымдастық демін ішіне ала қалды. Сауд Арабиясының королі Трампты дәл сол шешімі үшін құттықтап, Францияның «Le Monde» газеті мен Израильдің «Maariv» интернет-басылымы «міне, Трамп енді ғана Американың президентіне айналды» деп жарыса мақтады. Әлбетте, Американың өз ішінде президентті «арандатушылық әрекет жасады» деп кінәлаушылар да бар. Одан соң бір апта өткенде Ақ үй әкімшілігі сыртқы саясатта тағы тосын әрекет жасады: Ауғанстанға 10-тонналық авиациялық бомба тастады. Бұл – америкалықтардың иелігіндегі ең ірі әрі аса жойқын ядролық емес қару саналады. «ДАИШ қолданатын жер асты жолдарын нысанаға алды» делінген бұл бомба америкалық қарудың қуаттылығын және қазіргі Ақ үй әкімшілігінің батылдығын барша әлемге жария етуге арналғандай көрінді. Осы орайда, КСРО-ның экс-президенті Михаил Горбачев өткен аптада немістің «Бильд» газетіне сұхбат беріпті, ол АҚШ пен Ресей қарым-қатынасының суып кеткеніне алаңдайды, әлбетте, оған Батыс елдерін айыптайды.  «Еуропаға ауыр әскери техника апарылып жатыр: танктер мен БТР-лер. НАТО мен Ресей әскерлерінің бір-бірінен қашық тұрғаны күні кеше ғана еді ғой. Ал қазір олар бір-біріне тым тақап келеді», – дейді ол. «Державалар арасындағы қарым-қатынас бірте-бірте нашарлап барады. Әлем соғысқа дайындалып жатқандай әсер қалдырады. Соған қарағанда, қырғи-қабақ соғыстың барлық белгілері бар»,– деп бүгінгі халықаралық ахуалға сипаттама береді. Әйткенмен, «Қырғи-қабақ соғыс ашық соғысқа ұласуы мүмкін бе?» деген сұраққа: «Егер біз қол қусырып қарап отыра берсек, бәрі де мүмкін» деп жауап берген Горбачев не істеу керектігі жөнінде ой бөліспепті. Бұдан әрі не болатынын Горбачев түгілі, Трамп пен Путин де білмес. Кремльдің тамырын басу мақсатымен өткен сәрсенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Мәскеуге ресми сапармен барып, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен жүзбе-жүз сөйлесті. Бұл кездесу шамамен бес сағатқа созылған, одан соң Тиллерсон қонақүйдегі бөлмесіне қайтып оралған. Екі дипломаттың жедел баспасөз мәслихатын өткізбегені, журналистер сұрақтарына жауап беруге дайын болмағаны, яғни Сирия мәселесі жөнінде ортақ мәлімдеме жасамағаны кездесудің онша жемісті болмағанынан хабар береді. Бұдан соң Тиллерсон мен Лавровты сол күні Кремльде Ресей президенті Владимир Путин қабылдады. Қолда бар деректерге қарағанда, Путин мен Тиллерсон екі сағаттай көзбе-көз отырып сөйлескен. Кремль басшысымен өткен келіссөзден соң ғана Тиллерсон мен Лавров ортақ баспасөз мәслихатын өткізуге дайын болды. Осы баспасөз мәслихатында мәлім болғанындай, Мәскеу мен Вашингтон бұдан әрі халықаралық терроризммен тізе қосып күресу ниеттерін нақтылап, Сириядағы соңғы күндердің оқиғаларын талқылаған. Лавровтың сөзіне сенсек, екі тарап Идлиб аймағында химиялық газды қолдану оқиғасын халықаралық тәуелсіз комиссияның зерттеуіне жағдай жасау жөнінде уағдаласқан сияқты. Сондай-ақ екі сағаттың ішінде Ауғанстан, Украина, Солтүстік Корея мәселелеріне қатысты келелі мәселелер ортаға салынған. Бұдан бөлек, «аймақтық және ғаламдық деңгейде әскери-саяси қауіпсіздікке деген екіжақты жауапкершілікті сезіну» және «экономикалық байланыстағы жағдай» талқыланған десті, сонда жүз жиырма минуттық кездесуде осыншама ауқымды тақырыптардың бәрін қамту мүмкін бе? Шамасы, Тиллерсонның мақсаты нақты нәтижеге қол жеткізу емес, тек алдағы қарым-қатынастың төркіні дипломатия ауылынан шықпауын қамтамасыз ету болса керек. Ал Кремль бұған дейінгі шиеленіскен жағдайдың бәрін Ақ үйдің бұрынғы басшылығының қателіктеріне жауып, жаңа әкімшілікпен тіл табысуға бейім. Трамп әкімшілігі бұған кетәрі емес, әрине. Ең бастысы, Сергей Лавров осы кездесуден соң: «бүгінгі келіссөздерден соң біз бір-бірімізді жақсырақ түсіне бастадық» деп тұжырды.  Бірақ екі дипломат қанша жақауратса да, Сириядағы 4 сәуірде жасалған химиялық шабуылдың артында кімдердің тұрғаны, АҚШ президенттік сайлау науқанына ресейлік хакерлердің араласқан-араласпағаны, Башар Асадтың биліктен кету-кетпеуі сияқты мәселелерде екі жақтың ұстанымы бір-біріне түбегейлі қарама-қайшы екенін жасырып-жабу мүмкін емес. Бір ғана жағымды жаңалық – бұл кездесуде Ресейге қарсы санкциялар жайы сөз болмаған, яғни Ақ үй әкімшілігі жаңа санкциялар салу ықтималдығын айтса да, оны іске асыруға асықпайтын сыңайлы. Керісінше, екі тарап дау-дамайдың дипломатиялық шешімін табуға ұмтылатын кейіп танытты. Екі тараптың да қолайына жағатын ортақ мәлімдеме – қазіргі екіжақты қарым-қатынастың салқындауына, Сириядағы ахуалдың ушығуына және халықаралық терроризмнің кең қанат жаюына Кремль де, Ақ үй де Барак Обама мен оның командасын айыптап отыр. Тиллерсонның сапарынан соң іле-шала Мәскеуде Ресей, Иран мен Сирия сыртқы істер министрлері кездесіп, оңаша ақылдасты. Бұл шұғыл кеңес Кремльдің Ақ үйге көрсеткен қыры іспеттес: яғни, Иран мен Башар Асадтан бас тартпайтындығының белгісі. Керісінше, Ақ үй не істесе де, не десе де, Кремль Сирия мен Таяу Шығыста өзінің жеке мүддесіне сай деп санайтын саясатты ұстанатынын байқатып отыр. Мұның бәрі кикілжің түйінінің дипломатиялық жолмен тарқатылуының екіталай екендігінен хабар береді. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп бұл аралықта Қытай басшысы Си Цзиньпинді қабылдап, немересі Арабелланың қытайша өлең айтқанын «Твиттерде» жариялап, Пекинге барынша жылы қабақ таныттты. Бұдан соң НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенбергпен кездесіп, Ресеймен арақатынас жайын талқылады. Сондай-ақ, өткен аптада Италияда «Үлкен жетілік» елдерінің сыртқы істер министрлері де бас қосты. Мұнда да Сирия тағдыры талқыға салынды. Оған қоса Ресейге қатысты жаңа санкциялар қабылдануы мүмкін делінсе де, «жетілік» министрлері бұл мәселе жөнінде жақ ашпады. Есесіне, олар АҚШ-тың Сириядағы әскери іс-қимылдарын барынша қолдап отыр. Соңғы кездегі оқиғалардың шарықтау шегі – кешегі аптаның соңында АҚШ вице-президенті Майк Пенс Сеулге арнайы ат басын бұрып, «КХДР-ға қатысты стратегиялық шыдамдылық таныту дәуірі аяқталуға жақын» деп ескерту жасады. Ақ үй Пхеньяннан ядролық қару жасау талпыныстарынан біржола бас тартуды талап етіп отыр, өйтпеген жағдайда күш қолдану арқылы қысым көрсетуден тайынбайтынын аңғартты. Егер Пхеньян ядролық мемлекетке айналса, онда АҚШ-тың не басқаның айтқанымен жүре қоюы екіталай. Сондықтан Майк Пенс Сеулді Солтүстік Кореяға қарсы соғыс қимылдарына дайын болуға шақырды. Бұл ел былтырдан бері бірнеше мәрте ядролық қару сынағын өткізгені, жиырма шақты баллистикалық зымыран ұшырғаны мәлім. Бірақ Ким Ир Сеннің 105 жылдығына орай жоспарланған зымырандар сынағы сәтсіз болды. Мәскеудегі баспасөз мәслихаты кезінде Рекс Тиллерсон «Карл Винсон» әскери-теңіз тобының Корей түбегіне жақындай бастағанын теріске шығармады. Мұның өзі кез келген уақытта әскери іс-қимылға бел шешіп кірісуге дайындық сықылды. Ал Пхеньян болса, егер АҚШ тарапынан қандай да бір әскери шабуыл жасалатын болса, оған дереу қарымта беретінін мәлімдеп, айылын жимай отыр. Әскери қуатын көрсету үшін Пхеньян өткен аптада салтанатты шеру өткізді. Осылайша, Вашингтон, Мәскеу, Пекин мен Пхеньян ядролық қаруды одан әрі жаңартуға бекініп отырғандарын жасырмайды. Сонда алдағы уақытта ғаламдық соғыс бола қалса, оның ядролық соғыс боларына күмән жоқ. Онсыз да Сирияда химиялық, бактериологиялық қарудың түр-түрі сынақтан өткізіліп жатқаны жасырын емес. Бірақ өздерін ғаламдық қауіпсіздіктің сақталуына жауапты санайтын алпауыт елдер дипломатиялық майданда шайқасса да, жаппай қырып-жою қару-жарағының күшіне жүгінбес деген үміт бар. Әйтпесе, осыдан елу-алпыс жыл бұрын басталып, кейін аяқсыз қалған «азаматтық қорғаныс – атом қаруының салдарынан қорғану» бағдарламаларын қайта қолға алуға тура келер.