2025 жыл Салалық кәсіподақ қызметінде айрықша кезең ретінде бағаланып, ұйымның ғасырлық шежіресіне енді. Бұл жыл еліміздегі кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, кәсіподақ институтының тарихи сабақтастығы мен қоғамдағы орнының маңызын айқындай түсті.
Бүгінде қазақстандық кәсіподақ қозғалысы әлеуметтік-еңбек қатынастары жүйесінің белсенді қатысушысы ретінде тұрақты жұмыс атқарып қана қоймай, халықаралық кәсіподақ алаңдарында да өз беделін нығайтып келеді.
2025 жылы Салалық кәсіподақ қатары 7 мыңнан астам жаңа мүшемен толықты. Нәтижесінде, жалпы мүшелер саны 600 мыңнан асты. Бұл – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, жүйелі ұйымдастырушылық жұмыстың, мүшелікке тарту тетіктерін жетілдірудің және ең бастысы еңбек адамдарының Кәсіподаққа деген сенімінің нақты нәтижесі.
Құқық қорғау қызметі мен негізгі бағыттар XV Съезд қағидаттарына және 2024-2029 жылдарға арналған бағдарламаға сәйкес жүзеге асырылды. Қабылданған іс-шаралар кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, еңбек дауларының алдын алуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және әлеуметтік әріптестік тетіктерін жетілдіруге бағытталды.
Ұйымның институционалдық тұрақтылығын нығайту мақсатында құрылымдық, кадрлық, ақпараттық және қаржылық әле-уетті арттыру бойынша кешенді іс-шаралар қабылданды. Бұл қадамдар кәсіподақтың сыртқы сын-қатерлерге уақытылы әрекет ету және мүшелер мүддесін тиімді қорғау мүмкіндігін арттырды.
Кәсіподақ қызметінің тиімділігі ең алдымен әлеуметтік әріптестік институтына негізделеді. Былтыр ұжымдық шарттардың қолданылу ауқымы кеңейіп, олардағы міндеттемелердің орындалуына бақылау күшейтілді. Бұл келісімдерде бекітілген нормалардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етуге ықпал етті.
Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім салаларында әлеуметтік әріптестікті дамыту – Салалық кәсіподақтың басым бағыттарының бірі. Тараптардың жүйелі іс-қимылы нәтижесінде әлеуметтік диалогтың барлық деңгейін қамтитын тиімді салалық тетік қалыптасып, тұрақты жұмыс істеуде.
Салалық кәсіподақ пен уәкілетті тараптар арасында жасалған әлеуметтік әріптестік туралы келісімдер шеңберінде еңбек жағдайлары, жұмыспен қамту, еңбекақы төлеу, еңбек нормалары, жұмыс уақыты мен демалыс режимі, сондай-ақ әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер нақты регламенттелген.
Қазір кәсіподақ ұйымдары 8 716 ұжымдық шарт жасасқан. Олардың мазмұны салалық келісімдерде көзделген нормаларды кеңейтіп, қызметкерлер үшін қосымша кепілдіктер қарастырады.
Кәсіподақта құқықтық сүйемелдеу және құқықтық сауаттылықты арттыру жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Еңбек заңнамасын түсіндіру, ішкі актілерді құқықтық сараптау, өтініштер мен шағымдарды қарау арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу деңгейі арттырылды.
Есепті кезеңде 4 030 білім беру ұйы-мында қоғамдық бақылау жүргізіліп, 6 631 еңбек заңнамасын бұзу дерегі анықталды.
Сала қызметкерлерінен 36 633 өтініш келіп түсті. Негізгі мәселелер еңбекақы төлемдері, еңбек шарттарын бұзу, еңбек қауіпсіздігі және ұжымдық шарт талаптарының орындалуына қатысты болды. Барлық өтініштер уақытылы қаралып, тиісті іс-шаралар қабылданды.
Мемлекеттік еңбек инспекциясына 85 өтініш жолданып, нәтижесінде жұмыс берушілерге орындауға міндетті ұйғарымдар берілді.
38 282 қызметкер құқықтық кеңес алды. Заңсыз жұмыстан шығарылған 41 кәсіподақ мүшесі жұмысқа қайта орналастырылды: 34-і келісу комиссиясы шешімімен, 7-еуі сот тәртібімен.
Құқықтық қызметтің басты сапалық көрсеткіштерінің бірі – заңсыз ұсталған немесе төленбеген қаражатты қайтару. Жыл ішінде кәсіподақ заңгерлерінің нәтижелі жұмысының арқасында қызметкерлерге 1,6 млрд теңгеге жуық қаражат өндіріліп берілді.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бағытында 8 439 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Сала бойынша еңбекті қорғау жө-ніндегі 8 548 техникалық инспектор қызмет атқарады. Былтыр 5 037 тексеру жүргізіліп, 2 215 заң бұзушылық анықталды. 2 018 ұсыныс беріліп, 1 299 еңбек жағдайларын бұзу дерегі жойылды.
Жыл қорытындысы кәсіподақ қызметінің еңбек құқықтарын қорғауда жүйелі әрі нәтижелі сипат алғанын көрсетті. Әлеуметтік-еңбек мүдделерін білдіру, ұжымдық шарттар арқылы кепілдіктерді нақтылау, еңбек дауларын шешу және өндірістік тәуекелдердің алдын алу бағытында кәсіподақ ықпалы айтарлықтай артты.
Нәтижесінде, 2025 жылы 75 мыңға жуық кәсіподақ мүшесінің құқығы нақты қорға-лып, еңбек қатынастарының негізгі бағыттары бойынша – еңбекақы, жұмыс уақыты, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік төлемдер мен кепілдіктер мәселелерінде оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Алдағы кезеңде құқықтық сүйемелдеудің сапасын арттыру, консультациялық қолжетімділікті кеңейту, құқық қолдану тәжірибесін жүйелеу және кәсіподақ органдарының жауапкершілік аймағындағы құқықтық жұмысты күшейту негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.
Айгүл МҰҚАШЕВА,
«Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы