Ольга Рыпакова Милан Олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоровқа алғыс айтты

/
Ольга Рыпакова Милан Олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоровқа алғыс айтты

Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова әлеуметтік желіде Михаил Шайдоровқа қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол мәнерлеп сырғанаушыға ел мерейін асырған жеңісі үшін алғыс білдірген.

"Миландағы Олимпиада ойындары аяқталды, бірақ әсерлі сәттер мен эмоциялар әлі де жүректе сақтаулы. Бұл Олимпиада шын мәнінде жарқын сәттерге толы. Қысқы спорт ойындары жанкүйерлердің қуатқа толы қолдауымен, бірлікке толы ерекше атмосферамен және шынайы эмоциялармен есте қалды. Сонымен қатар, кей тұстарда драмалық сәттер де болды. Әрбір күрес сәтінде жылдар бойғы еңбек, үміт пен күту сезілді. Біздің спортшылар бұл жерде бәрін бастан өткерді: толқу, күмән, ауырсыну, қуаныштың көз жасы және ел үшін мақтаныш!", - деп жазды жеңіл атлетика шебері.

Сондай-ақ ол Михаил Шайдоровқа ыстық лебізін білдірген.

"Михаил Шайдоровқа ерекше алғыс айтқым келеді. Оның жеңісі бүкіл Қазақстан үшін аса маңызды болды және зор қуаныш пен ұлттық мақтаныш сезімін сыйлады. Кейбір спортшылар үшін бұл алғашқы Олимпиада болды. Мен бұл жолда спортшылардың қандай сынақтардан өтетінін өзгелерден артық түсінемін. Олимпиада ойындарына қатысу — әр спортшыға бұйыра бермейтін үлкен мәртебе. Бұл — жылдар бойғы еңбек: тәртіпке бағынған өмір, өз-өзіңді үнемі жеңу, көп жарақаттар мен құрбандық. Ал әлемнің басты аренасында лайықты өнер көрсету — нағыз ерлік. Жігіттер, өздеріңе сеніңіздер және қандай жағдай болса да алға ұмтылыңыздар. Ең маңызды жеңістер — әлі алда", - деп жазды Ольга Рыпакова.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары