South China Morning Post басылымының хабарлауынша, Қытайдағы крандар мен жүк өңдеу жабдықтарын өндіретін компания басшысы өткен жылғы табыстың шамамен 70 пайызын қызметкерлеріне үлестірген. Жалпы төлем көлемі 26 млн доллардан асып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Компанияның 2025 жылғы таза пайдасы 270 млн юань болған. Соның басым бөлігі 7 мың қызметкер арасында бөлінген. Бонустардың едәуір бөлігі корпоративтік мерекеде табысталған: қызметкерлер сахнаға шығып, үстел үстіне үйілген ақшадан өз сыйақыларын өздері санап алған. Қалған төлемдер онлайн түрде аударылған.
Кәсіпорын 2002 жылдан бері жұмыс істейді. Оның негізін қалаушы әрі негізгі акционері Cui Peijun акциялардың шамамен 98,88 пайызына иелік етеді. 2024 жылы компания 260 млн юань таза пайда тапқан, оның 170 млн юані қызметкерлерге үлестірілген.
Бұған дейін, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, кәсіпорын 2 000 қызметкер әйелге шамамен 1,6 млн юань көлемінде сыйақы берген. Осындай тұрақты қаржылай қолдаулардан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Цуйді «ақша таратуды жақсы көретін бастық» деп атап кеткен.
Өз лақап атына қатысты пікір білдірген кәсіпкер: «Мәселе ақшаны таратуда емес. Қазіргі жастар автонесие мен ипотека жүгін арқалап жүр. Біз көмектесе алсақ, неге көмектеспеске?» деген.
Айта кетейік, бұған дейін Қытайда China Huarong International Holdings Limited компаниясының бұрынғы бас директоры ірі көлемде заңсыз табыс алғаны үшін сотталып, оның әрекеті мемлекет пен қоғам мүддесіне айтарлықтай зиян келтірді деп танылған болатын.