Көкшетауда қылмыстық топ үй-күйі жоқ адамдардың атына 3 млрд теңге несие рәсімдеген

/
Көкшетауда қылмыстық топ үй-күйі жоқ адамдардың атына 3 млрд теңге несие рәсімдеген
istockphoto.com

Көкшетау қаласында ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыпталған 21 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақмола облысы сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылдан бастап сотталушылар алдын ала сөз байласу арқылы әрекет етіп, тұрақты мекенжайы жоқ адамдардың жеке деректерін пайдаланып, олардың атына несие және қарыз рәсімдеген.

Заңсыз алынған қаражат банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы рәсімделген. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын шамамен 3 миллиард теңгені құраған.

Жәбірленуші ретінде 200-ден астам адам танылған.

Айыпталушылардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сараланған. Оларға қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражат пен өзге де мүлікті ірі мөлшерде заңды айналымға тарту; бірнеше рет, екі немесе одан да көп адамға қатысты, ұйымдасқан топпен және аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық; сондай-ақ бірнеше рет күш қолдану арқылы және жәбірленушілердің жеке басын куәландыратын құжаттарын жасыру жолымен, оларды пайдалану мақсатында адам ұрлау айыптары тағылған.

Қазіргі уақытта сот процесі жәбірленушілерден жауап алу сатысында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары