«Жазықсыз адамға күйе жағу оңай болып кетті»

«Жазықсыз адамға күйе жағу оңай болып кетті»

«Жазықсыз адамға күйе жағу оңай болып кетті»
ашық дереккөзі
492

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының назарына!

Қоғамда жазықсыз жапа шегіп жатқан жандар аз емес. Тіпті, кейде әділ деген соттың да қара қылды қақ жара бермейтіні өкінішті. Соның салдарынан кейбір жандар темір торға тоғытылып жатқаны көпекөрнеу шындық. Ал задында, бөгденің істеген қылмысын екінші біреуге таңа салу жиілеп кеткен жоқ па, осы? Қазір соттан сотқа сандалған жұрт аз емес. Қашан көрсең айлар, жылдар бойы сағыздай созылған сот процестерінде сабылып жүргені. Ол ол ма, былайғы біраз жұрт соттың әділ шешім шығаратындығына да сенімсіздікпен қарайды. Себебі сот процестерінің көпшілігіне талапкерлердің көңілі толмай, аппеляциялық, кассациялық сот, тіпті Жоғарғы сотқа дейін шағым түсірумен келеді. Біз мұны неге айтып отырмыз? Жақында ғана «Түркістан» газетінің редакциясына келген хатта да жазықсыз жазаланған азаматтың басындағы жағдай баяндалыпты. Баласы үшін шыр-пыр болған әкенің хат жазып, шағым түсірмеген жері жоқ. Тіпті, істің ақ-қарасын дәлелдеуге тырысқан қызылордалық зейнеткер Кәрбоз Боздақов ҚР Жоғарғы сотына, ҚР Президент әкімшілігіне, ҚР Бас прокуратурасына да арыз жазып, сауға сұраған. Ендігі үміті – ақпарат құралдарында ғана. Себебі бұған дейін мұң-шағымы ескерусіз қала берген ақсақал баласы Жолдас Кәрбозұлын ақтап алуды және еңбектегі қызметін сақтап қалғанша күресетіндігін айтады. Сонымен, істің мән-жайын Кәрбоз Боздақовтың өз аузынан естігенді жөн көрдік. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, балам Жолдас Боздақовтың кінәсіз екендігін дәлелдеу үшін мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып, әділеттіліктің салтанат құруы үшін талай жүгірдім. Алайда өзгерген дәнеңе жоқ. Егер зерделеп, мән беріп қарайтын адал заң қызметкері болса, ұлымның «жақтым жала, жаптым күйеге» кезіккенім бірден ұғынар еді. Себебі менің ұлыма тағылып отырған айыптың өзі орынсыз», –  дейді ол. «2013 жылдың 23 мамыр күні «Фотон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры А.Ибраев белгісіз біреудің сеніміне кіріп, 1 миллион жиырма мың теңге тұратын 10 мың литр жанар май талонын алдап алып кеткендігі жөнінде шағымданады. Арада бес күн өткен соң, қаладағы Бейбітшілік пен Хан Бен До көшелерінің қиылысындағы «Батт Ойл Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты май құю бекетінен қос күдікті ұсталады. Олардың бірі – Бауыржан Мылқайдаров, екіншісі – Азамат Мекебай. Ал ұлым Жолдас Кәрбозұлының бұл іске түк қатысы жоқ, тек осы іс келіп түскен бөлімнің, яғни «Ақсай» полиция бөлімінің бастығы болатын. «Сұрағанға – тілеген» дегендей, дәл осы жағдайды облыстық ішкі істер департаменті өзіндік қауіпсіздік қызметінің бастығы мен қызметкерлері өз пайдасына шешкісі келеді. Ұлым Жолдасқа тіс қайрап жүрген олар «істі жабу үшін бастығы бізден мың доллар сұрады деп айтыңдар» дейді. Ұлымның соңына шырақ алып түсетіндей, оларға не жаманшылық жасап қойды? Сөйтсек, гәп мынада екен. Кезінде Жолдас облыстық ішкі департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында қызмет істеп жүрген уақытында мұнай ұрлығына қатысты бір істі әшкерелеген. Бір топ күдіктіні ұстап, кейін олар сот үкімімен жазаға тартылады. Осылардың арасында жаңа біз сөз етіп отырған өзіндік қауіпсіздік қызметін басқарған басшының күйеу баласы Төкенов бар екен. Міне, жеке бас араздығынан туған даудың алып келген жері осы. Несін сұрайсыз, әйтеуір нақақ жалаларын жауып, ақыры ұлым соттың алдынан бір-ақ шықты. «Аққа Құдай жақ» демекші, сот отырысында Бауыржан Мылқайдаров өзінің бұған дейінгі түсініктемесін түбегейлі өзгертіп, ұлым Жолдастың еш кінәсі жоқ екенін айтады. Шамасы, ары мазалаған болуы керек, шын мәнінде кімдердің тапсырысымен мұндай қадамға барғанын да айтып береді. Осы жерде сот заң бойынша сот отырысындағы түсініктемені ескеруі тиіс. Бауыржан Мылқайдаров Жолдас Боздақовтың бір тиын да ақша талап етпегенін басты сот талқылауында да айтқан. Ол ақшаны, шын мәнінде, полиция қызметкерлері Абназаров пен Әбдулкәрімовтің сұратқанын өзінің танысы Қ.Жұбандықұлына жеткізген. Ал ол болса, Бауыржанды облыстық ІІД-нің өзіндік қауіпсіздік басқармасында жұмыс істейтін таныстары Садуақасов пен Абдрахмановқа ертіп барады. Бұлар әңгіме ауанын түсінгеннен кейін «Одан да «Ақсай» полиция бөлімінің бастығы Боздақовтың үстінен арыз жаз, жазбасаң алаяқтық жасағаның үшін, яғни жанар май ұрлағаның үшін өзің кетесің» деп қорқытады. Одан соң Садуақасов пен Абдрахманов бұл екеуін Астанадағы ҚР Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік қызметі департаментіне апарып, баламның үстінен арыз жаздырады. Айналып келгенде, ұлымды кінәлі етіп шығарып, істі бұрмалап, тергеушіге тапсырады. Бір қызығы, заң ортақ. Сол заңды орындайтын адамдар Қызылорда да отырған жоқ па? Астанаға қарай жүгіретіндей не бастарына күн туды? Әлде, Қызылорданың заңы басқа, Астананың заңы басқа ма? Ал бұлардың бәрін басқарып, өз өктемдігін жүргізіп отырған Қызылорда облыстық ІІД-нің ӨҚБ-ның бастығы Ғ.Сүлейменов екенін баса айтқым келеді. Екінші сот отырысында да Бауыржан бірінші сот отырысындағы айтқанынан танбаған. «Бұл адамның кінәсі жоқ» десе де, мұны тыңдайтын құлақ болмағаны өкінішті», – деп ашынады ұлына араша сұраған әке. Жолдас Кәрбозұлын ҚР ҚК-нің 24-бабы, 3-бөлігінің, 177-бабының 3-бөлігінің «г» тармағымен айыптап, «алаяқтыққа оқталған» деген кінә тағады. Жалпы, заң нормаларында «адам өлтіруге оқталды» деген айыпты естісек те, бұрын-соңды «алаяқтыққа оқталу» дегенді құлағымыз шалмапты. Тіпті, ҚР ҚК-ні 24-бабының 3-бөлігінің, 177-бабының 3-бөлігінің «г» тармағында алаяқтық ұғымы кеңінен көрсетілген. Онда алаяқтық, яғни бөтен мүлікті ұрлау немесе бөтен мүлікке құқықты алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы алу деп көрсетілген. Ал алаяқтық жасауға оқталу деген түсінік мүлдем қолданылмаған. Бұл жөнінде жәбірленуші тараптың өкілі Кәрбоз Боздақовтың пікірі мынадай. «Неліктен адам өзінің алмаған дүниесі үшін жауап беруге тиіс? Әлде заманның дамып кеткені сонша, адамның ойын оқитын дәрежеге жетті ме?! Бұл жерде біздің пайымдауымызша, Қызылорда облыстық прокуратурасы мен облыстық соттың өзара ауыз жаласып, менің ұлыма қасақана  қиындық туғызғаны анық байқалып тұр. Оған негіз де жоқ емес. Ең қызығы, бүкіл сотта жүретін айғақтың дені менің ұлымның кінәсіз екенін, ешқандай қылмысқа бармағандығын айғақтайды. Алайда соңғы шешімді айтатын сот мырзалардың кесімді қандай фактіге қарап шығарғаны маған түсініксіз. Біріншіден, Қылмыстық заңнамада және ҚР ҚК-нің 177-бабында алаяқтықтың ұғымы нақты көрсетілген. Алаяқтық, яғни бөтен мүлікті ұрлау немесе бөтен мүлікке құқықты алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы «Алу» деп көрсетілген. Ал «алаяқтық жасауға оқталу» деген мүлдем жоқ. Сонда бұл айыптау қайдан шықты? Екіншіден, ұлым Ж.Боздақовтың ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігінің «г» тармағында көрсетілген қылмысты жасамағандығы қылмыстық істегі 2013 жылғы 4 шілдедегі №2786, 2013 жылғы №1 тамыздағы №4745 сот-бейнефонографиялық зерттеу сараптамаларының  қорытындыларымен толық дәлелденіп тұр. Айта кетерлігі сол, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот судьясы Е.Р.Әріпов  дыбыс жазу аппаратына жазылған сөздерге көңіл бөліп отыр. Сот-бейнефонографиялық зерттеу сараптамаларының қорытындысында Ж.Боздақовтың дауыс пен сөзіне теңестірушілік зерттеу жүргізуге мүмкіншілік жоқ деп берген. Алайда сотта басты нысанаға алынатын сот-бейнефонографиялық зерттеу сараптамаларының нәтижесін Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот судьясы Е.Р.Әріпов ескермей отыр. Егер мұндай негізгі дәлелдемелерге сот-бейнефонографиялық зерттеу сараптамаларының қорытындысы керек болмаса, онда медициналық сот сараптамасының не қажеті бар? Әлде, заң өзгерді ме? Бұл жерде қалай болғанда да баламды босатпаудың қитұрқы әрекеті жатқан сияқты». Алайда судья М.Тұрғанбаев жәбірленушіге «куәгердің сотта таза сөйлегендеріне қатысты дұрыс жауап бермедің» деп жеке қаулы шығарады. Ал бұл жеке қаулы бақылаушы орган Қызылорда облыстық прокуратурасына жүктелгенмен, яғни прокуратура терісін мың мәрте айналдырса да, еш шикілік таппаған. Қысқасы, екі сот отырысында сөйлегендердің барлығы әдепкі сөздерінен таймапты. «Ұлымның кінәсіз екендігін айтып, ақтады. Кейіннен ұлым Жолдастың ешқандай ақша талап етпегендігі белгілі болып,  облыстық сот Қызылорда қалалық сотының  жеке қаулысының күшін жойды. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматпыз. Ай мен күннің аманында балам өтіріктің отына күйіп жатқан кезде, қалайша қол қусырып отыра аламын? Адвокат М.С.Мадияровпен бірігіп, Жоғарғы сотқа арыздандық. Онда іс Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьялары М.С.Шегенов, Ә.Т.Жүкенов, Қ.А.Шаухаровтың қарауында болды. Солардың бірі М.С.Шегенов: «Баланың ақша алмағаны рас қой», – деді. Біз «иә» деп қала бердік. Сол сәтте адвокат М.Мадияров: «Алаяқтыққа оқталған статьясының 177-бабының 3-ші тармағы, 24-бабыны 3-тармағы қылмыстық заңнамада мүлдем жоқ. Қызылорда облысында заңсыз сотталып тұрған жалғыз осы Боздақовтың ісі», – деді. Мұны естіп, таңырқай қараған Жоғарғы сот судьясы Ә.Т.Жүкенов жымия күлді. Бұдан соң ол: «Ендеше 3 қазанда келіңдер», – деді. – Айтқан уақытында барғанымызда, істі кейінге соза берді. Қайта қарауға аса құлықты болмады. «Баяғы жартас, бір жартас». Іске қатысты шешім өзгеріссіз қалды. Баламыздың заңсыз жазалануына байланысты Жоғарғы сот төрағасының жеке қабылдауында болдық. Сот төрағасы іспен танысып, бұл істің  жаңа құрамда қайта қаралатындығы жөнінде уәде берді. Бірнеше айлап күтсек те, төрағаның сөзі айтылған жерде қалған сияқты. «Егер осы жағдайда қарама-қайшылық туындаса, неге істі басынан аяғына дейін қайта қарамасқа? Біздің түсінбейтініміз, күші жойылған жеке қаулыдағы негізсіз деректі Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы және Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Р. Әріпов неліктен қайта-қайта басшылыққа ала береді?! Қанша қараса да, мұндай жеке қаулы бұл өмірде жоқ. Әлде бұл өзге орынды жауап табылмағандықтан, соттардың бір қағазды шыр айналдыру үшін тапқан айласы ма, әлде жаңа әдісі ме? Баяғыда Сталин: «Адам болса болды, заңның тармағы көп емес пе?» деген екен. Соның кері келген сияқты. Заңды бұрмалап, өз икемдеріне иілтіп Жолдас Кәрбозұлын екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесті. Абыройынан да, шенінен де айырылды», – деп ашынады шырылдаған әке. ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген. Алайда Ата заңның өзінде көрсетілген қағидаттардың үнемі орындала бермейтіндігі өкінішті-ақ.  

Жазып алған

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары