Жаңа Конституцияда еңбек адамының әл-ауқатын көтеруге баса назар аударылады – министр

/
Жаңа Конституцияда еңбек адамының әл-ауқатын көтеруге баса назар аударылады – министр
Ғаламтор

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа Конституция жобасында еңбек адамдарының жағдайын жасауға баса назар аударылғанын, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдарға талап күшейетінін, жұмыс орнындағы қауіпсіздік мәселесі енді жұмыс берушінің міндеті ғана емес, Конституциялық талап ретінде міндетті түрде орындалуға тиіс нормаға айналатын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бүгінде қоғам болып ел өміріндегі өзгерістерден сырт қалмай, баршамыз өз пікірімізді ортаға салып, белсенділік танытып отырмыз. Сондықтан әрбір қазақстандыққа шынайы әрі нақты ақпараттың уақтылы жетуі айрықша маңызды.

Жаңа Конституция жобасында жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың лайықты еңбек жағдайларын жасау, әділ еңбекақы төлеудегі жауапкершілігі ең жоғары құқықтық деңгейге көтеріліп отыр. Яғни, еңбек адамының қауіпсіздігі мен әл-ауқаты енді тек еңбек шарттарының талабы емес, мемлекет кепілдік беретін конституциялық міндетке айналады.

Құжаттағы бірқатар нормалар өндірістік жарақаттарды азайтуға, кәсіптік аурулардың алдын алуға және азаматтардың еңбекке қабілеттілігін сақтауға бағытталған. Яғни, жұмыс орнындағы қауіпсіздік пен қорғалуы енді тек жұмыс берушінің міндеті ғана емес, Конституциялық талап ретінде міндетті түрде орындалуға тиіс нормаға айналады», – деді министр.

Министрдің айтуынша, – еңбек адамының құқығы мен қадір-қасиеті, әлеуметтік тұрақтылығы мемлекет қорғауында.

«Жаңа Конституция жобасының 27-бабында әр адамның еңбек етуге, өз кәсіп пен қызмет түрін еркін таңдауға құқығы нақты бекітіледі. Мәжбүрлі еңбекке тек заңда белгіленген ерекше жағдайларда – сот шешімімен немесе төтенше және соғыс жағдай кезінде ғана жол беріледі. Сонымен қатар әр азаматқа қауіпсіздік әрі гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары, кемсітусіз сыйақы алу және заң аясында әлеуметтік қорғалу құқығына кепілдік беріледі.

Ал, 31-бапта ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшеріне мемлекеттік кепілдіктер белгіленіп, жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына және өзге де заңды негіздерге байланысты әлеуметтік қамсыздандыру құқығы айқындалады.

Бұл талаптар көпшілікке үйреншікті әрі түсінікті көрінуі мүмкін. Алайда олардың жаңа Конституция жобасында нақты көрініс табуы – еңбек адамының құқығы мен қадір-қасиеті, әлеуметтік тұрақтылығы мемлекет қорғауында екенін, ең бастысы, олардың ең жоғары деңгейде кепілдік білдірілгенін көрсетеді», – деді Аида Ғалымқызы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары