Маңғыстау облысындағы мұнай өндіру кәсіпорындары – «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, Oil Services Company ЖШС және Dunga Operating жұмысшылары жаңа Конституцияны қолдайтындарын білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Компания мәліметінше, аталған кәсіпорындарда ондаған мың қызметкер еңбек етеді. Олар күн сайын мұнай мен газды тұрақты өндіруді қамтамасыз етіп, мұнай-газ саласының дамуына және ел экономикасының нығаюына елеулі үлес қосып келеді. Ұжымдардың үйлесімді жұмысы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.
«Біз, «Қаражанбасмұнай» жұмысшылары жер қойнауынан қара алтын игеріп, үздіксіз еңбек ету арқылы еліміздің экономикасын дамытуға үлес қосып келеміз. Біз жаңашылдықтан жасқанбай, тың өзгеріске дайын болып, алға қарай нық қадам жасау оң нәтижеге жеткізетінін білеміз. Басты құжатта еліміздің негізгі құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын бірінші орынға қойылған. Жер асты байлығын өндіретін компанияның жұмысшылары ретінде біз табиғатты сақтау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау мен тиімді пайдалану, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыруға қатысты баптар мен тармақтарды толығымен қолдаймыз. Біз өз ісінің кәсіби тәжірибелі маманы, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу адам ретінде заман дамыған сайын айналадағы барлық нәрсенің өзгеріп келе жатқанын көріп жүрміз. Біз жаңа Конституция жобасын толық қолдаймыз. 15 наурыз күні референдумға қатысып, өз таңдауымызды жасауға дайынбыз. Ел үшін маңызды шарада сіздерді де белсенділік танытуға шақырамыз», - дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары.

Еңбек ұжымдары жүргізіліп жатқан конституциялық өзгерістердің маңыздылығын және олардың республиканың одан әрі дамуы үшін стратегиялық мәнін атап өтті.
«Ата заңымызда ұсынылған қағидаттардың арасында цифрландыру, білім мен экологиялық қауіпсіздік мәселелері бар. Мұнай өндірумен айналысатын компания ретінде осы бағыттардың маңыздылығын түсінеміз. Және саламыздың әрі қарай тұрақты дамуына оң әсер ететініне сенеміз. Әріптестерімізді азаматтық борышын өтеп, алдағы референдумға қатысуға шақырамыз», - деді «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысшылары.

Мұнай-газ саласының қызметкерлері жаңа Конституцияның қабылдануы тұрақты экономикалық өсімнің, әлеуметтік әділеттіліктің және мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтудың берік негізіне айналатынына сенімді.

