NASA наурызда Айға ұшудан бас тартты

/
NASA наурызда Айға ұшудан бас тартты
сурет: istockphoto.com

АҚШ-тың NASA агенттігі наурызға жоспарланған Айға ұшу миссиясын кейінге қалдырды. Бұл туралы ведомство басшысы Джаред Айзекман X әлеуметтік желісінде мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әңгіме Artemis II миссиясы туралы болып отыр. Бұған дейін NASA Флоридадағы ұшыру алаңына шығарылған Space Launch System (SLS) зымыраны мен Orion ғарыш кемесін қайтадан құрастыру цехына қайтару туралы шешім қабылдаған. Мамандар 21 ақпанға қараған түні SLS зымыранының аралық криогендік қозғалтқыш сатысында гелий беру жүйесінде ақау тіркеген. Агенттік өкілдерінің айтуынша, мәселені толық тексеріп, жою үшін техниканы жабық кешенге қайтару қажет болған.

Artemis бағдарламасы 2019 жылы таныстырылған және үш кезеңнен тұрады. 2022 жылдың 16 қарашасы мен 11 желтоқсаны аралығында өткен Artemis I миссиясы барысында Orion кемесі экипажсыз Айды айналып ұшып, Жерге сәтті оралған еді. Ал Artemis II - экипажбен Айды айналып ұшу кезеңі. Үшінші кезеңде Artemis III астронавтарды Ай бетіне қондыруды көздейді.

Қазір зымыран қай күні ұшатыны жарияланған жоқ. Агенттік техникалық қауіпсіздік бірінші орында екенін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары