Кеше елорданың Ұлттық академиялық кітапханасында академик Шора Сарыбаевтың ғылыми еңбектерінің таныстырылымы және тіл білімінің өзекті мәселелеріне арналған «Ғалым. Ғылым. Ғибрат» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел отырысы өтті. Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ұлттық академиялық кітапханасы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен алқалы жиында қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайреткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шора Сарыбаевтың 100 жылдығына (1925-2025 жж.) орай ғалымның қазақ тілтанымының әртүрлі салаларына арналған ғылыми еңбектері топтастырылған басылымдардың таныстырылымы жасалды.
«Қазақ тілтанымының өзекті мәселелері» атауымен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының 2025 жылы дайындап шығарған бұл қостомдық кітаптың 1-томында диалектология, лексикология және лексикография салалары, ал 2-томында қазақ тіл білімінің тарихы, тіл мәдениеті, грамматика, лингводидактика, терминология, емле мәселелері және стилистика салалары қамтылған.
Басқосуда сондай-ақ Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасы және қаржылай демеуімен дайындалып басылған «Ғалым. Ғылым. Ғибрат» кітабының мазмұны тарқатылды. Ғылыми-практикалық жиын бағдарламасына сәйкес, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.к., профессор Анар Фазылжан «Ш.Ш.Сарыбаев. Қазақ тілтанымының өзекті мәселелері» және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, ф.ғ.д., Тыныштық Ермекова «Ғалым. Ғылым. Ғибрат» кітабы туралы баяндама жасады.
Сонымен бірге, «Шам-Шырақ» Ғылым, білім мен өнер мирасын қолдау қорының өкілі Қайрат Сарыбай «Ш.Ш.Сарыбаев кітап қорына» жаңа кітаптарды сыйға тартып, ғылыми жиынды ұйымдастырған мекеме басшылары мен ұжым мүшелеріне Сарыбаевтар әулетінің атынан зор ризашылығын білдірді.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі тілші-ғалымдар, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, Халықаралық Түркі Академиясының өкілдерімен қатар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және елордадағы жетекші жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.
Ғылыми-практикалық жиын соңында модератор, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик Кәрімбек Құрманәлиев «Академик Шора Сарыбаевтың 100 жылдығын өткізу бойынша» ұйымдастыру комитетінің төрағасы ретінде, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ғалымның ғылыми-шығармашылық мұрасын, тұлғалық қасиеттерінің тағылымын қалың көпшілікке таныту мен насихаттауды мақсат еткен, 2025 жылғы іс-шаралар жоспарына сәйкес жоғары деңгейде өткізілген іс-шараларға талдау жасап, қорытындысын жиылған қауымға жеткізді.
Наурызбек САРША