Жаңа Конституция жобасын талқылау жалғасып жатыр. ІІМ ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Бақтияр Мәкен конституциялық реформаның негізгі бағыттарына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер Заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және құқық бұзушылықтарға қарсы төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған.
«Жаңа Конституция – бұл негізгі заңның жаңаруы ғана емес. Жаңа Конституция – адам құқықтары мен қауіпсіздігіне баса назар аударатын әділ әрі жауапты мемлекет моделіне ауысу. Ішкі істер жүйесі үшін реформа негізінде заңға деген құрметтің және заң алдындағы теңдіктің тұрғаны аса маңызды», – дейді Қоғамдық кеңес төрағасы Бақтияр Мәкен.
Ол конституциялық реформаның мемлекеттің қоғамдық тәртіптің және азаматтарды қорғаудың кепілі ретіндегі рөлін күшейтетінін, сондай-ақ құқық қорғау органдарының әрі қарай дамуына нақты бағыт-бағдар беретінін атап өтті.
«Әңгіме тек қылмыспен күресуде ғана болып тұрған жоқ. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу, мемлекеттік органдардың ашықтығы, қоғам мен билік арасындағы сенім туралы да болып отыр. Дәл осы принциптер арқылы «еститін мемлекет» концепциясы жүзеге асады», – дейді ол.
Қоғамдық кеңес төрағасының сөзінше, жаңа Конституция құқықтық мәдениетті нығайтып, мемлекеттік институттар мен азаматтардың жауапкершілігін арттыру үшін берік негіз болмақ.
«Конституция – бұл қоғам өмірінің ережелерін айқындайтын құжат. Қазақстанның жақын жылдардағы болашағы: заң мен тәртіп орнаған, тұрақтылық пен болашаққа деген сенім бар мемлекет болу-болмауы азаматтардың дауыс беруіне, белсенді қатысуына байланысты», – деді ол.
Сондай-ақ Қоғамдық кеңесте жаңа Конституция жобасының талқылануы қоғамды мемлекеттік басқару және заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру процестеріне кеңінен тартуға ықпал ететіні айтылды.
Сөз соңында Кеңес төрағасы азаматтарды азаматтық белсенділік танытып, дауыс беруге, құқықтық мемлекет пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуға шақырды.