Қостанай облысының Алтынсарин ауданының прокуратурасы инвестордың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаны іске асыру кезінде заңдылықты қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Инвестициялар өңірдің экономикалық дамуының, жұмыс орындарын құрудың және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың маңызды факторы болып табылады. Осыған байланысты прокуратура органдарына инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және құқықтық қорғау бойынша өкілеттіктер берілген.
Жүргізілген талдау шеңберінде кәсіпкерлік Кодекстің 153-бабын бұза отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алтынсарин аудандық аумақтық инспекциясының лауазымды тұлғалары прокуратура органдарының келісімінсіз инвесторға қатысты жануарларды оқшаулау, дезинфекция жүргізу, сондай-ақ жануарларды республикадан тыс жерлерге әкету мүмкін болмаған жағдайда оларды жою туралы нұсқама шығарғаны анықталды.
Анықталған бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізілді және оны қарау нәтижелері бойынша заңсыз нұсқамалардың күші жойылды, кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Аудан прокуратурасымен уәкілетті мемлекеттік органдар инвесторлардың құқықтарын қорғауға және заң бұзушылықтарға жол бермеуге бағдарланған.