Астанада қысқы тазалау талаптарын бұзғандарға 1,8 млн теңге айыппұл салынды

/
Астанада қысқы тазалау талаптарын бұзғандарға 1,8 млн теңге айыппұл салынды
polisia.kz

Елордада полиция қысқы тазалау талаптарының бұзылуын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Астана қаласының полиция департаменті қызметкерлері қыс мезгілінде басқарушы компаниялар мен мердігер ұйымдардың көшелерді, аулаларды және тротуарларды тиісті деңгейде тазалап жатқанын тексеру мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізді.

Негізгі мақсат – жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаланың санитарлық жағдайын сақтау және көктайғақтың алдын алу.

Тексеру барысында 45 басқарушы ұйым мен 48 мердігер компанияның абаттандыру қағидаларын сақтамағаны анықталды. Оларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1,8 млн теңгені құрады.

Полицияның мәліметінше, қар мен мұзды уақтылы тазалау құлау, жарақат алу және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді. Әсіресе аулаларға, балалар ойын алаңдарына және іргелес көшелерге ерекше назар аударылды. Қарды тазалау, мұз қатудың алдын алу және құм-тұз қоспаларын пайдалану мәселелері тексерілді.

Астана қаласының полиция департаменті басқарушы компаниялар мен мердігер ұйымдарға абаттандыру талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салады, ал тұрғындарды тайғақ тротуарларда абай болуға шақырады. Бірлескен күш-жігердің арқасында елордамызды қауіпсіз әрі жайлы етуге болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары