Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауылында нағыз вундеркинд өсіп келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Небәрі 4 жастағы Әли Адамбек екі таңбалы, тіпті үш таңбалы сандарды ойша есептеп, көбейту амалдарын ағылшын тілінде еркін орындайды.
Әлидің зеректігі сондай, балабақша тәрбиешілері «үйретеріміз қалмады» деп, оны мектепке жіберген. Бүгінде ол дайындық сыныбында оқығанымен, логикалық деңгейі жоғарғы сынып оқушыларымен тең.
«Алтынтөбе» орта мектебінің мұғалімі Әлия Миятбекованың айтуынша, Әли тіпті 5-6 сынып оқушылары шеше алмайтын күрделі есептерді олардан бұрын шығарып, көпшілікті қайран қалдырып жүр.
«Басқа балалар мультфильм көрсе, Әли ағылшын тіліндегі математикалық контенттерді қызығып тамашалайды. Ұйықтар алдында ертегі тыңдаудың орнына, жарты сағат бойы есеп шығарып, көбейту кестесін айтуды өтінеді», - дейді анасы Нұргүл Мырзағали.
Әли тек математикамен шектелмейді. Ол әліппені толық меңгеріп алған, ендігі мақсаты – ағылшын тілінде жазуды жетік меңгеру. Кішкентай кейіпкеріміздің «Маған балабақша емес, мектеп қызық. Сабақ жазбағандар ұнамайды» деген сөзі оның білімге деген адалдығын көрсетеді.
Түркістандық ұстаздар таңғажайып дарынды баладан үлкен үміт күтіп отыр.