Шымкентте трансұлттық қылмыстық топтың 18 мүшесі сотталды

/
Шымкентте трансұлттық қылмыстық топтың 18 мүшесі сотталды
ашық дереккөз

Виртуалды есірткі дүкендері арқылы психотроптық заттарды өндірумен және өткізумен айналысқан топ Қазақстан аумағында және көршілес мемлекеттерде әрекет еткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шымкентте бірден 18 айыпталушыға үкім шығарылды. Оларға әртүрлі баптар бойынша айып тағылды: трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оған қатысу, есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, өткізу мақсатында тасымалдау, сату, заңсыз кәсіпкерлік, ақшаны заңдастыру (жылыстату), сондай-ақ осы қылмыстарды жасауға жәрдемдесу.

Сотта Қазақстан аумағында және көршілес мемлекеттерде виртуалды есірткі маркеттері арқылы психотроптық заттарды өндірумен және сатумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ құрылғаны хабарланды.

Топ мүшелерінің бірі 2024 жылы Шымкентте аса ірі мөлшерде психотроптық заттар дайындайтын зертхана ұйымдастырған, ал оның туысы мен танысы оған шикізатты жасыруға көмектескен.

Топтың тағы екі мүшесі 2022–2024 жылдары есірткі сатудан түскен қылмыстық кірістерді аса ірі мөлшерде криптовалюта арқылы жасалған заңсыз операциялар арқылы заңдастырумен айналысқан. Тоғыз айыпталушы топ мүшелері болмаған, олар ақшаны жылыстатуға жәрдемдескен: қаражатты қабылдау және аудару үшін өз банктік карталарын берген.

Тағы екі адам тыйым салынған заттарды өткізген, ал бір фигурант криптоактивтермен жасалған заңсыз операцияларға қатысқан.

«Сот үкімімен 17 айыпталушы Қылмыстық кодекстің бірқатар баптары бойынша кінәлі деп танылды. Зертхана ұйымдастырушы 16 жылға бас бостандығынан айырылды, қалғандары 2,5 жылдан 11 жылға дейін жаза алды. Бұл ретте екі сотталғанға жазаны орындау 2 жылға кейінге қалдырылды, бір фигурант амнистия бойынша босатылды, тағы екеуіне 11 млн теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Бір айыпталушы кінәсі дәлелденбегендіктен толық ақталды», – деп хабарлады Шымкент соты.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары