Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттің тұрақты дамуы үшін дүние жүзіндегі өзгерістерге экономикалық және саяси тұрғыдан бейімделуіміз қажет екенін баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Біздің басты мақсатымыз – қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және халықаралық әлеуетін арттыру. Сарапшылар әлем экономикасының өсімі баяулап, халықаралық сауда қарқыны әлсірейді деген болжам жасауда. Дамушы елдерге салынатын жаһандық инвестиция көлемі азайып барады. Қаржы саласы тоқырауға ұшырауы мүмкін. Бүгінде көптеген ел өз нарығын қорғау шараларын күшейтіп жатыр. Мемлекеттер арасында өзара тарифтік шектеу қою үрдісі белең алды. Жаһандану үдерісі кері сипат ала бастады. Мұның бәрі әлемдегі геосаяси ахуалды өзгертіп жатыр. Бірақ негізгі әрі шешуші оқиғалар әлі алда. Дүние жүзінде мүлде жаңа үдерістер пайда болуда. Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін біз осы өзгерістерге экономикалық және саяси тұрғыдан бейімделуіміз қажет. Бұл – аса маңызды міндеттің бірі. Бұрынғы тәсілдер қазір тиімсіз болып қалғанын көріп отырмыз. Озық мемлекеттер әлем экономикасын дамытудың жаңа үлгісін әзірлеуге кірісіп кетті. Біз де бұл үдерістен шет қалмауымыз керек. Ұлт мүддесін қорғау үшін экономиканы нығайтуға және дамытуға арналған нақты жоспар болуға тиіс. Дүние жүзіндегі экономикалық ахуалға қарамастан, былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Біздің миссиямыз – айқын: экономикалық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға тиіс. Басқаша айтсақ, ішкі жалпы өнім артқан сайын азаматтардың нақты табысы да көбеюі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар экономикалық және қаржылық саясатты қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын сөз етті.
«Аталған мақсатқа жету үшін бізге бұған дейінгі өсімді қанағат тұтпайтын, қазіргі сын-қатерлерге жедел жауап беретін, басымдықтар егжей-тегжейлі ойластырылған экономикалық саясат қажет. Басқаша айтқанда, бізге тұрақты өсім моделі керек. Оған сәйкес, мемлекет нарықтық экономиканың стратегиялық даму векторын нақты анықтап, қолда бар қаржы ресурстарын экономикалық өсім әкелетін басты салаларға бағыттауы қажет. Мұндай тәсіл ұлттық табысты азаматтарымызға анағұрлым тиімді әрі әділ бөлуге мүмкіндік береді. Ашығын айтқанда, мен бұл жайында күнде ойланамын, мамандармен кеңесемін, арнайы экономикалық сараптамаларды оқимын. Экономикалық және қаржылық саясатты қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Үкіметтің таяу арадағы міндеті – өнімділікті арттыру, технологиялық жаңару және адами капиталды дамыту есебінен өсімді қамтамасыз ету, табысты ел игілігіне жұмсау. Мұндай моделді тек инвестиция саясатын жандандыру, бизнестің мүддесін тұрақты қорғау арқылы құруға болады. Яғни бұл саясаттың түпкі нәтижесі халық табысын арттыру, экономикалық дербестікті нығайту болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.