АҚШ-та тұратын КейЛинн Фелтагер мойнын қытырлатамын деп инсульт алып қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әйелдің айтуынша, ол көлік жүргізіп келе жатқан кезде басы ауырып, әдеттегідей мойнын оң жаққа қарай бұрып, қытырлатпақ болған. Фелтагер мойнын қытырлатуды жиі әдетке айналдырғанын айтады. Алайда бұл жолы оның мойны қатты ауырып кеткен.
Ауырсыну бірнеше күн бойы басылмағанымен, әйел дәрігерге жүгінбей, тек рецептсіз берілетін ауырсынуды басатын дәрілермен шектелген. Бес күннен кейін оның жағдайы күрт нашарлаған. Алдымен оң көзінің алдында жарқыраған жарық көрініп, сол жақтағы көру қабілетін толық жоғалтқан. Шамамен 15 минуттан соң көзі қайта көре бастағанымен, ол бұл белгіні елемеген.
Арада көп өтпей, Фелтагердің денесінің оң жағы шаншып, ұйып, артынан сөйлеу қабілеті бұзылған, түсініксіз дыбыстар шығара бастаған. Осыдан кейін күйеуі оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізген.
Дәрігерлер компьютерлік томография жасап, инсульт диагнозын қойған. Мамандардың түсіндіруінше, мойынның күрт қозғалысы артерияның ішкі қабатының жыртылуына әкеліп, соның салдарынан тромб пайда болып, миға түскен. Абырой болғанда, тромб өздігінен еріп, ота жасау қажет болмаған.
Қазіргі уақытта КейЛинн Фелтагер толықтай сауығып кеткен. Ол бұл жағдайдан кейін денсаулығына мүлде басқаша қарай бастағанын және күнделікті үйреншікті қозғалыстардың өзі қауіпті болуы мүмкін екенін түсінгенін айтады.