190
"Шахтер" легионерлеріне үміт артуға бола ма?
"Шахтер" легионерлеріне үміт артуға бола ма?
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «Шахтер» футбол командасының басшылығы мен ұжымын төмен нәтижелер үшін сын тезіне алды, деп хабарлады «ҚазАқпарат».
«Оған басты себеп - негізгі ойыншылардың жарақат алуы. Біз негізгі сегіз футболшымызды жоғалттық. Әрбір бас бапкердің матчтарда үміт артатын өз ойыншылары бар. Қазір олардың барлығы дерлік жарақат алды. Анталияда негізгі ойындарда үш футболшы, «Тобылмен» соңғы ойында тағы үш ойыншы жарақаттанды», - деп келтірді клубтың атқарушы директоры Асқар Әбілдаевтың сөзін әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қарағандының футболшылары Анталияда өткен жиындар мен өз еліміздегі маусымның алғашқы ойындарының нәтижесі бойынша, турнир кестесінде соңғы орынның алдында тұр. Ал бас бапкер Алексей Еременко нәтижесіз ойындардың басты себебі жарақаттар еместігін айтып, әріптесінің сөзін аздап түзеді. Өз кезегінде облыс әкімі футбол клубы өкілдерінен жеңілісті ақтайтын нақты себеп естімегенін өкінішпен атап өтті.
Әкімдіктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, клуб басшылары тұрақты жеңілістердің нақты себептерін ашып айта алмады. Кездесу қорытындысы бойынша әкім Наталья Сухоруковаға бір апта ішінде футбол клубындағы жағдайды анықтау үшін жұмыс тобын құруды тапсырды. Бірінші кезекте, команда үшін сатып алынған легионерлер шынымен де үміт артуға болатын футболшылар ма, әлде «біреулердің тамыр-танысы ма» деген мәселе анықталатын болады. «Сіздермен бір айдан кейін кездесіп, жұмыс тобының есебін тыңдаймыз. Ал сізге бас бапкер Алексей Борисович мынадай кеңес беремін: егер ештеңе жасай алмасаңыз, орынды босқа ұстамаңыз, қажет болса, ауыстыратын адамды табамыз», - деп атап өтті Е. Қошанов.