UFC-дің жартылай орта салмақтағы қазақстандық өкілі Шавкат Рахмонов жарақатына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды 1bol.kz.
"Жауынгердің жолы ешқашан жеңіл болмайды. Өмір бізге еңсере алмайтын сынақ бермейді. Әр арманның өз бағасы бар, кейде оның құны денсаулық та болуы мүмкін.
Шындықты жасырмай айтайын: жарақатыма байланысты тағы бір ота жасатуға тура келді. Енді толық қалпыма келу үшін уақыт қажет. Тиісінше октагонға оралуым тағы да кейінге шегерілді.
Әрине мұны қабылдаудың өзі қиын. Алайда әрбір сәтсіздік үлкен жолдың бір бөлігі екеніне сенемін. Бұрынғыдан да мықты, ақылды болып ораламын, жеңіске деген құлшынысым да арта түседі.
Мақсатым өзгерген жоқ. UFC белдігі әлі де Қазақстанға келуге тиіс. Қандай жағдай болса да жанымнан табылып жүрген баршаңызға рақмет. Бұл жолдың соңы емес, тек маңызды бір кезеңі ғана", - деп жазды Рахмонов X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.