Australian Open Juniors: Заңғар Нұрланұлы финалға шыға алмады

/
Australian Open Juniors: Заңғар Нұрланұлы финалға шыға алмады
Фото: ҚТФ

Қазақстандық жас теннисші Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы Australian Open турнирінің жартылай финалында жарыс жолынан шығып қалды.

1/2 финалда қазақстандық спортшы АҚШ өкілі Китон Ханстан айласын асыра алмады. Кездесу 3:6, 2:6 есебімен америкалық теннисшінің пайдасына аяқталды.

Заңғар Нұрланұлы бұл турнирге дейін сәтті өнер көрсетіп, өз мансабында алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына жолдама алған болатын. Жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингте 12-орында тұрған отандасымыз турнирге 8-ракетка ретінде тіркелген.

Айта кетейік, Нұрланұлы ширек финалда Гонконг өкілі Кай Томпсонды үш сетке созылған тартысты матчта жеңді. Алғашқы партияда қарсыласы 6:3 есебімен басым түскенімен, екінші сетте Заңғар тай-брейкте жеңіске жетті — 7:6 (7:4). Үшінші партияда жарақат алып қалғанына қарамастан, қазақстандық теннисші соңына дейін күресіп, шешуші сетте 6:4 есебімен жеңісті жұлып алған еді.

Сонымен қатар қазақстандық теннисші Анна Данилина серіктесі Александра Круничпен бірге жұптық сайыста Australian Open финалына дейін жетті. Алайда шешуші кездесуде олар Элизе Мертенс – Чжан Шуай дуэтіне қарсы ойында бар күшін салғанымен, 6:7, 4:6 есебімен жол берді.

Айта кетерлігі, Заңғар Нұрланұлы бұған дейін де халықаралық деңгейде сенімді нәтиже көрсеткен. Өткен жылы ол жасөспірімдер арасында қазақстандық теннисшілердің ішінде алғаш болып US Open жартылай финалына дейін жеткен болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары