Ерлан Қарин: Жаңа Конституция Қазақстанның кемелденген мемлекеттігін көрсетеді

/
Ерлан Қарин: Жаңа Конституция Қазақстанның кемелденген мемлекеттігін көрсетеді
Конституциялық сот

Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Конституцияның басты ерекшеліктерін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Конституция –  тек заң нормаларының жиынтығы ғана емес. Кез келген елдің Конституциясы сол мемлекеттің, қоғам дамуының басты құндылықтарын, қағидаттарын, бағдарларын бекітетін құжат. Кеше Конституцияның жаңа мәтінін таныстыру барысында мәтіннің 84 пайызы өзгеріске ұшырағаны айтылды. Яғни жаңа баптар, жаңа бөлімдер Конституцияның құрылымын айтарлықтай өзгертті. Конституцияның жаңашылдығы – түзетулердің көптігінде емес, ең алдымен оның жаңа тұжырымдамалық мазмұнында. Баптар мен бөлімдер тек редакциялық өзгерістерге ғана ұшыраған жоқ, Конституция мәтіні жаңа мазмұнда, жаңа мағынада қайта жазылды», – деді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар ол жаңа преамбула Президенттің жуырда жариялаған тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленген нұсқа екенін баса айтты.

«Мағынасы мен ішкі рухы жағынан мүлдем жаңа преамбула. Жаңа нұсқада, біріншіден, адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдықтары ретінде жарияланды. Екіншіден, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім – мемлекеттігіміздің негізі ретінде айқындалды. Үшіншіден, соңғы жылдары қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналған әділет, заң және тәртіп, табиғатты аялау сияқты құндылықтар алғаш рет Конституцияда бекітілуде. Төртіншіден, алғаш рет Конституцияның кіріспесінде мемлекеттігіміздің тарихи жолы мен өркениет бастаулары айқын көрсетілді. Қысқаша айтқанда, жаңа преамбула өткенімізді, кім болғанымызды, бүгінгі күннің қағидаттарын және ертеңгі күннің бағдарын белгілеп отыр, − деді Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин Жаңа Конституцияның тағы бір басты ерекшелігі адам құқықтарына бағдарлауында екенін бас айтты.

«Жаңа Конституцияның тағы бір басты ерекшелігі − адам құқықтарына бағдарлауында. Адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада, бірінші бөлімнің 1-бабында ғана емес, Конституцияның «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп аталатын негізгі екінші бөлімінде топтастырылып, айқындап, бөліп көрсетіліп отыр. Және де адам құқықтары мен бостандықтары жаңа құқықтық тетіктермен және кепілдіктермен қамтамасыз етілген», − деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары