Жанарбек Әшімжан: Конституцияға енгізілген өзгерістер – мемлекеттің тұрақтылығына салынған ұзақмерзімді инвестиция

/
Жанарбек Әшімжан: Конституцияға енгізілген өзгерістер – мемлекеттің тұрақтылығына салынған ұзақмерзімді инвестиция

Конституциялық комиссияның бесінші отырысында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан билік пен қоғам арасындағы жаңа қоғамдық келісімді қалыптастыруда Халық кеңесі институтының маңызы зор екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мәжіліс депутаты Құрылтай өкілеттігін кеңейту мен Халық кеңесі институтын құруды саяси реформалардың заңды жалғасы деп атады.

«Ұлтымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген аталы сөз бар.

Бүгін біз дәл осы қағидатқа сүйене отырып, билік пен қоғам арасындағы өзара сенімге негізделген жаңа қоғамдық келісімді қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың мазмұны мен архитектурасын түбегейлі жаңарту міндетін талқылап отырмыз.

Соңғы жылдары қабылданған шешімдер осы мақсатқа жүйелі түрде қызмет етіп келеді. Атап айтқанда, бұрын қолданылған президенттік квоталар мен тағайындаулардан бас тарту арқылы өкілді биліктің дербестігін күшейтуге, саяси жүйені нақты демократияландыруға бағыт алдық.

«Тепе-теңдік бар жерде тұрақтылық бар» деген саяси қағидатқа сүйенсек, жүзеге асырылған реформалар билік тармақтары арасындағы теңгерімді нығайтып, институционалдық дамудың жаңа кезеңін қалыптастырды.

Осы логиканың заңды жалғасы ретінде Құрылтайдың өкілеттіктерін кеңейту мәселесі күн тәртібіне шықты. Құрылтайға Конституциялық сотты, Жоғары аудиторлық палатаны және Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыруға қатысу құқығын беру бұл институттардың тәуелсіздігін арттырып қана қоймай, олардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтеді.

Бұл мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтатын жүйелі әрі салмақты шешім.

Дәл осы тұста біз бүгін талқылап отырған Халық кеңесі институтының маңызы айқын көрінеді.

Халық кеңесі  жай ғана консультативтік алаң емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің институционалдық көрінісі. Бұған дейін қоғамдық кеңестер мен түрлі диалог алаңдары болғаны рас.

Алайда олардың басты әлсіз тұсы  нақты шешім қабылдау процесіне ықпал ету тетіктерінің жеткіліксіздігі еді», - деді ол.

Жанарбек Әшімжан Халық кеңесі қоғамда қордаланған мәдени және рухани мәселелерді нақты заңнамалық тетікке айналдыратын институт болатынын айтты.

"Қоғамда толассыз жүріп жатқан мәдени, рухани процестерден туындаған проблемалармен айналысатын нақты институттар бар. Әрине, ол саламен айналысатын мемлекеттік иниституттардың белгіленген регламент аумағында жұмыс істейтіні белгілі. Ал, Халық кеңесінің ауқымдылығы – әлгіндей алаңдарда қордаланған, жинақталған түрлі ұсыныстарды, пікірлерді, көзқарастарды бір алаңда тоғыстырып, айтылған сөз айтылған жерде қалмай нақты механимге айналдыру.

 Ел Президенті 2025 жылғы 5 қарашада «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қойғаны мәлім.

 Мемлекет басшысының Құрылтайда сөйлеген сөзінің басым бөлігі ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі канондарға, халықтың мәдени кодын арттыруға арналғаны тегін емес.

 Демек, Ішкі саясатқа қатысты қағидаттарды жүзеге асыратын қуатты институттардың бірі – Халық кеңесі.

 Осы тұрғыдан келсек, Халық кеңесі – идеологиялық ұстанымды, стратегиялық сабақтастықты заңның талабына сәйкестендіретін де орган.

 Мәдени, рухани, шығармашылық ұғымдардың ауқымы өте кең, тіпті шексіз. Ал, оны заң тіліне жатқызу уақыт пен кеңістік тұрғысынан алғанда оңай шаруа емес. Бұл мәселелермен айналысатын мемлекеттік органдар регламенттер мен тиісті заңнамалық актілердің аясынан шыға алмауы мүмкін. Ал Халық кеңесі қоғамда қордаланған түйткілді мәселелерді кәсіби тұрғыдан түп тамырына дейін қопарып, талдап, таразылап нақты заңнамалық ұсынысқа айналдыра алатын институционалды орган болады деген үміттемін", - деді Ж. Әшімжан.

Оның айтуынша, ал Халық кеңесінің артықшылығы – қоғамда әртүрлі деңгейде айтылып жүрген ұсыныстар мен көзқарастарды бір орталыққа жинақтап, оларды нақты саяси және құқықтық механизмге айналдыруында.

"2022 жылғы жалпыұлттық референдум, өңірлердегі ашық диалог алаңдары мен азаматтардың қоғамдық-саяси белсенділігі бір нәрсені айқын көрсетті: қоғам саяси субъект ретінде кемелденді.

Халық кеңесі осы қоғамдық сұранысқа берілген институционалдық жауап, формализмнен арылған, саяси салмағы бар диалог алаңы.  Осылайша, Халық кеңесі өкілді демократия мен тікелей демократияның арасындағы алтын көпірге айналады.

Жаңа институт билікті орталықсыздандыруға, жауапкершілікті бөлісуге және қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтуға бағытталған конституциялық реформаның ішкі логикасына толық сәйкес келеді. Демек Халық кеңесі – мемлекет басқарудағы бүкіл саяси жүйенің іргелі бір бөлшегі. Яғни, ел басқару тетігі бір ғана тұлғаның ерік-жігеріне емес, саяси институттардың тұрақтылығы мен консенсусында қоғамға тиімді қызмет етуінде.

 Барлық этностардың мүддесін қамтитын Халық кеңесіне конституциялық негіз беру стратегиялық тұрғыдан маңызды.

Өйткені бұл күшке немесе әкімшілік ресурсқа емес, диалог арқылы тұрақтылықты қамтамасыз ететін институт.

 Халық кеңесі біртұтас Қазақстан халқының мүддесіне қызмет етіп, ішкі саясат, қоғамдық келісім және ұлттық құндылықтар мәселелері бойынша кәсіби ұсыныстар әзірлей алуы тиіс. Сонымен қатар, оған заңнамалық бастама көтеру және референдум өткізуге ұсыныс беру құқығын еншілеу басқару жүйесінің институционалдық тұрақтылығын арттырады.

Біз ұсынып отырған өзгерістер  мемлекеттің тұрақтылығына салынған ұзақмерзімді инвестиция.

Бұл – болашақ дағдарыстардың алдын алуға, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға және мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қалыптастыруға бағытталған шешімдер.

Дана халқымыз «Ақылмен басталған іс – баянды болады» дейді. Осы тұрғыда, Халық кеңесі  эмоцияға емес, ақыл мен жауапкершілікке негізделген тұрақты саяси құрылым. Ол Қазақстандағы саяси мәдениеттің сапалық жаңа деңгейіне жол ашады", - деді Мәжіліс депутаты.

        

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары