Бас прокуратурада цифрландыру және қадағалау қызметін күшейту мәселелері қаралды

/
Бас прокуратурада цифрландыру және қадағалау қызметін күшейту мәселелері қаралды
Бас прокуратура

Бас прокуратурада Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірыңғай ахуалдық орталығы алаңында прокурорлық қызметті цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелеріне арналған көшпелі жедел кеңес өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кеңес Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың прокуратура органдарының цифрлық жүйелерін таныстыру қорытындысы бойынша берген тапсырмалары аясында ұйымдастырылды.

Бас Прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылының мемлекеттік басқарудың заманауи әрі технологиялық жүйесін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағдар ретіндегі маңызын атап өтті.

Ол цифрлық трансформацияның қадағалау қызметінің тиімділігін арттырудың, заңның үстемдігін қамтамасыз етудің және азаматтардың құқықтарын қорғаудың негізгі құралы екенін атап көрсетті. Заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектті енгізу заң бұзушылықтарды уақтылы анықтауға, олардың себептерін жоюға, ықтимал тәуекелдерді болжауға және бюрократиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Кеңес барысында прокуратура органдарының 350-ден астам мемлекеттік ресурспен, оның ішінде құқық қорғау блогының 45 дерекқорымен онлайн деректер алмасуға қосылған негізгі ақпараттық жүйелерінің жұмысы қаралды. Бұл үдерістерді біріздендіруге, ашықтықты арттыруға және функциялардың қайталануын, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Киберқауіпсіздік, онлайн-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселелеріне басымдық берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Қылмыстық қатерлерді болжау орталығы мен есірткі трафигі және прекурсорлардың заңсыз айналымын талдау жөніндегі Таргетинг-орталықтың қызметі атап өтіліп, олардың жұмысының нәтижесінде құқық бұзушылықтар анықталып, тиісті ден қою шаралары қабылданғаны айтылды.

Талқылаудың жеке блогы инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды цифрлық сүйемелдеу мәселелеріне арналды. Осы бағытта әрбір ірі жобаға әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттік органдардың әрекеттерін үйлестіру және дауларды сотқа дейін реттеу мақсатында прокуратура қызметкерлері бекітілген.

Прокуратура органдары қызметкерлерін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдануға оқытудың маңыздылығы атап өтілді.

Бүгінгі таңда Мемлекеттік басқару академиясының базасында «AI Qyzmet» бағдарламасы (жасанды интеллектпен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын дамыту және мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық мәдениетті қалыптастыру) аясында прокуратура органдарының шамамен 700 қызметкері оқудан өтті.

Кеңесті қорытындылай келе, Бас Прокурор прокуратура органдарының цифрлық трансформациясы Президент мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары ретінде айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың маңызды шарты екенін және ол заң үстемдігін нығайтуға әрі қоғамның сенімін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары