"Курс алған соң қысым көрсетеді": депутат тренинг өткізетіндерге шара қабылдауды сұрады

/
"Курс алған соң қысым көрсетеді": депутат тренинг өткізетіндерге шара қабылдауды сұрады
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантай деструктивті тренингтер қызметіне қатысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға және ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутат сауалында Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының қоғам санасына кері әсер ететін жат құндылықтарға қарсы нақты бағдарламалар әзірлеу жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Оның айтуынша, соңғы уақытта «даму», «көшбасшылық», «сананы өзгерту» деген атаумен ұсынылатын бірқатар тренингтік курстардың зияны пайдасынан асып отыр.

Жарқынбек Амантай бұл мәселе бұған дейін де Мәжілісте көтерілгенін атап өтіп, оның өзектілігі мен азаматтарға тигізіп отырған ауыр салдарын ескере отырып, қайтадан күн тәртібіне шығаруға мәжбүр болғанын айтты. Депутаттың пікірінше, бүгінде белсенді жарнамаланатын мұндай тренингтер азаматтарға рухани, психологиялық және қаржылық тұрғыда зиян келтіруде.

Сауалда vybor.kz платформасы арқылы қызметін насихаттайтын MINDFULNESS оқу орталығының мысалы келтіріледі. Депутаттың дерегінше, орталық бірнеше сатылы, қымбат бағаланатын курстар ұсынады, ал онлайн форматтағы кейбір бағдарламалардың құны жүздеген мың теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар «креативті ойлау», «тиімді коммуникация», «шешен сөйлеу» сияқты дағдыларды тегін үйретеміз деп уәде беретін өзге де отандық және шетелдік атаумен жұмыс істейтін орталықтар бар.

Алайда депутаттың айтуынша, мұндай орталықтардың жұмыс істеу тәсілдері ұқсас. Қатысушыларға психологиялық қысым көрсету элементтері қолданылып, олардың жеке шекарасына қол сұғылатын жағдайлар орын алады. Бұл әрекеттер біртіндеп адамның еркін ойлауына әсер етіп, оны түрлі талаптарды орындауға мәжбүрлеуге әкеледі.

Жарқынбек Амантай кейбір тренингтерде қатысушыларды көпшілік алдында жеке мәселелерін ашуға итермелейтін, психологиялық тұрғыда ауыр тәжірибелерге қатыстыру фактілері бар екенін айтты. Оның сөзінше, келесі кезеңдерде бұл қысым күшейіп, адамның әлеуметтік рөлі мен мінез-құлқына әсер ететін тапсырмалар берілетін жағдайлар да кездеседі. Мұның барлығы адам санасын «тәжірибе алаңына» айналдыруға ұқсайды, – деді депутат.

Сауалда курс аяқталғаннан кейін де қатысушыларға қысым жалғасатыны айтылды. Атап айтқанда, оларды өзге адамдарды курсқа тартуға мәжбүрлеу, талап орындалмаған жағдайда психологиялық қысым көрсету сияқты әрекеттер туралы шағымдар бар.

Депутат мұндай жағдайларға қоғам тарапынан алаңдаушылық күшейіп отырғанын жеткізіп, кейбір азаматтардың бұл тренингтерді деструктивті сипаттағы құрылымдар ретінде қарастыру қажет деген пікір айтып жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, бейбіт өмірде қарапайым азаматтарды рухани әлсіретіп, психологиялық және қаржылық тұрғыда зиян келтіруге жол беруге болмайды.

Осыған байланысты Жарқынбек Амантай уәкілетті органдардан бірқатар шара қарастыруды сұрады. Атап айтқанда, тиісті министрліктер мен мемлекеттік органдар тарапынан аталған курстардың бағдарламалық мазмұны мен қолданылатын әдістемелеріне ресми тексеру жүргізу, азаматтарды қорлау, мәжбүрлеу және манипуляция белгілері бар әрекеттерге құқықтық баға беру ұсынылды.

Сондай-ақ депутат мұндай тренингтік бағдарламаларды лицензиялау, сертификаттау және оларды мемлекеттік реттеу тетіктерін енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет екенін атап өтті.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары