2028 жылға дейін бидай мен жүгері қайта өңдейтін 5 кешен іске қосылады

/
2028 жылға дейін бидай мен жүгері қайта өңдейтін 5 кешен іске қосылады
АШМ

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында елімізде астықты терең өңдеуді дамытуға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл агроөнеркәсіп кешенін шикізаттық модельден жоғары қосылған құны бар бәсекеге қабілетті өнім өндіруге көшірудің негізгі элементі ретінде қарастырылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Президент алдағы он жыл ішінде астықты терең өңдеу өнімдерін өндіру және жеткізу бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына ену жөнінде стратегиялық міндет қойды. Осыған байланысты Үкімет инвестицияларды ынталандыруға, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және саланың экспорттық әлеуетін кеңейтуге бағытталған кешенді шараларды іске асыруда.

Қазіргі уақытта елімізде жыл сайын 510 мың тоннадан астам астық терең өңделеді. Крахмал, глютен, сірне, биоэтанол және жоғары қосылған құны бар басқа да өнім түрлерін шығаратын үш мамандандырылған кәсіпорын жұмыс істейді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша тиісті кәсіпорындар 152,1 мың тонна крахмал өнімдерін өндірді, оның ішінде 57,1 мың тонна крахмал, 12,7 мың тонна глютен және 82,1 мың тонна сірне, сондай-ақ 21,2 мың тонна биоэтанол шығарылды. Бұл көрсеткіштер саланың тұрақты жұмыс істеп отырғанын және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін дәлелдейді.

Президент тапсырмаларын орындау және 2028 жылға дейін астық өңдеу көлемін бірнеше есе арттыру мақсатында Қазақстанда бидай мен жүгеріні қайта өңдеуге арналған жылдық жалпы қуаты 4,8 млн тонна болатын бес ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 2,6 млрд АҚШ долларын құрайды. Аталған жобалар аясында 3,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұл бастамаларды жүзеге асыру жоғары деңгейде қайта өңделген өнімдер өндірісін едәуір арттыруға, аминқышқылдары, шәрбаттар, витаминдер мен биоингредиенттер өндірісін кеңейтуге, еңбек өнімділігін арттыруға, сондай-ақ шикізаттық емес агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Өндірілетін өнімдер негізінен АҚШ, Еуропа елдері, Қытай, Үндістан, ТМД мемлекеттері, Таяу Шығыс пен Африка нарықтарына бағытталатын болады, бұл қазақстандық экспорт географиясын кеңейту міндетіне толық сәйкес келеді.

Негізгі жобалардың қатарында жылына 415 мың тонна бидай өңдейтін Қостанай облысындағы зауыт құрылысы, Түркістан және Жамбыл облыстарында жүгеріні қайта өңдеу кәсіпорындары, сондай-ақ Астана қаласы мен Ақмола облысында крахмал, глютен, биоэтанол және аминқышқылдарын өндіруге бағытталған жаңа өндірістер бар.

Осылайша, бес инвестициялық жобаны іске асыру Қазақстанда астықты терең өңдеудің заманауи, технологиялық және экспортқа арналған бағытын күшейтуге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға және елдің агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары