Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде оқушылар үшін Ашық есік күні өтті

/
Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде оқушылар үшін Ашық есік күні өтті
Ұлттық ұлан

Нұркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектептің 6-сыныптың «Жас сарбаз» оқушылары үшін Ұлттық ұланның  6505 әскери бөлімінде Ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шара «Жас сарбаз» сыныптарының тәрбиешілері, запастағы подполковник Бекжан Аукешев пен запастағы подполковник Нұржан Кожамжаровтың жетекшілігімен өтті.

Ашық есік күні аясында оқушылар әскери бөлімнің музейін аралап, оның тарихымен, жауынгерлік жолымен және ерлік дәстүрлерімен танысты. Клуб музейінде қойылған тарихи құжаттар, әскери киім үлгілері мен марапаттар жас сарбаздардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық рухын нығайтты.

– Маған бүгінгі Ашық есік күні өте қатты ұнады. Біз әскери бөлімге барып, музейді көрдік. Сарбаздардың қалай қызмет ететінін білдік, әскери техникалар мен қаруларды көрдік. Барлығы өте қызықты болды. Мен Отанымды жақсы көру керек екенін түсіндім. Осындай іс-шаралар жиі болса екен – деді оқушылардың бірі.

Сонымен қатар, оқушыларға сарбаздардың күнделікті қызметі, әскери техника мен қару-жарақ түрлері таныстырылып, іс-шара танымдық мазмұнымен ерекшеленді. Бұл кездесу жас өрендер үшін тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор шара болды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары