Семейлік үш тұрғын 5 жыл бойы алтыны бар кенді ұрлап келген

/
Семейлік үш тұрғын 5 жыл бойы алтыны бар кенді ұрлап келген
istockphoto.com

Семей қаласының үш тұрғынына ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, өндірістік үй-жайға заңсыз кіру арқылы аса ірі мөлшерде ұрлық жасау, ұрлыққа оқталу және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру айыптары тағылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс материалдарына сәйкес, сотталушылар ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында «Алел» қаржы-инвестициялық корпорациясының өндірістік нысандарына заңсыз кіріп, құрамында алтын бар кенді аса ірі мөлшерде ұрлаған. Келтірілген материалдық шығын 4 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар, олар 224 млн теңгеге бағаланатын алтын құрамды материалды ұрлауға оқталған.

Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ұрлық деректері 2019 жылдан бері жасалғанын және барлығы 49 эпизод тіркелгенін анықтады. Тергеу барысында сотталушылар мен олардың туыстарының қылмыстық жолмен алынған табысқа жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алғаны белгілі болып, бұл әрекеттер табысты заңдастыру ретінде бағаланды.

Сот шешімімен Ж. қылмыстар жиынтығы бойынша 10 жылға, К. 6 жыл 8 айға, М. 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Барлығына мүлікті тәркілеу жазасы тағайындалды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары