Ақтөбеде хром өңдейтін зауыт салынбақ

/
Ақтөбеде хром өңдейтін зауыт салынбақ

Ақтөбе облысында хромды терең өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жоба аясында жергілікті шикізат тыңайтқыштар, химиялық өнімдер, металлургиялық компоненттер және биологиялық белсенді қоспалар өндірісіне пайдаланылатын болады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, бастама Ақтөбе облысы әкімдігінің сұранысы бойынша «инвестицияға тапсырыс» тетігі аясында жүзеге асырылуда.

Өңірдің ресурстық әлеуетін және толыққанды өндірістік кластер қалыптастыру мүмкіндігін ескере отырып, жүйелі талдау нәтижесінде хром және химия-металлургия өнеркәсібі басым бағыт ретінде айқындалды.

KAZAKH INVEST халықаралық жетекші компаниялармен келіссөздер жүргізіп, соның нәтижесінде қазақстандық делегация әлемдік деңгейдегі хром өңдеу саласының ірі ойыншысы — «Sichuan YinHe Chemical Co. Ltd.» компаниясының өндірістік алаңдарына арнайы сапармен барды.

Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық жобаны бірлесіп жүзеге асыруға өзара қызығушылық танытып, тиісті келісімге қол қойды.

Жоба аясында жылына 200 мың тоннаға дейін өнім шығаратын өндірістік кешен салу көзделіп отыр. Кәсіпорында экологиялық таза және қалдықсыз заманауи технологиялар қолданылатын болады.

Сарапшылардың бағалауынша, өндірілетін өнімнің жылдық көлемі 1 млрд АҚШ долларына дейін жетеді. Ал жекелеген өнім түрлерінің құны бір тоннасына 300 мың АҚШ долларына дейін бағалануы мүмкін. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 500 млн АҚШ долларын құрайды және жоба 600-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Бұл бастама өңір экономикасын әртараптандыруға, жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге және Ақтөбе облысын ірі индустриялық орталықтардың біріне айналдыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары