Қаскелеңде ер адам әйелін және енесін соққыға жыққан, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Информбюроға сілтеме жасап.
Оқиға 24 қаңтардан 25 қаңтарға қараған түні болған.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ер адамның қолындағы таяқпен аулаға кіріп, әйелін бірнеше рет ұрғаны көрінеді. Соққының қатты болғаны соншалық, таяқтың бір бөлігі сынып кеткен. Сондай-ақ күдікті оларға араша түспек болған енесін де ұрып, кейін аулада тұрған көліктің терезелерін сындырған.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталған. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.