"Бұл іске немқұрайлы қарауға болмайды": Олжас Бектенов жазға дейін туризмдегі түйткілді мәселелерді шешуді тапсырды

"Бұл іске немқұрайлы қарауға болмайды": Олжас Бектенов жазға дейін туризмдегі түйткілді мәселелерді шешуді тапсырды
ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналы

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында туризмді дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы әкімдер мен министрлер баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Былтыр Президент азаматтардың көптеген шағымдарынан соң Алакөлдің айналасындағы, сондай-ақ жалпы еліміздегі туристік дестинациялардағы инфрақұрылым мен сервистің нашарлығын, қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмауын қатаң сынға алды, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өткен жарты жыл ішінде тиісті жұмыстар атқарылды:

  • бірқатар өңірлерде, атап айтқанда Жетісу облысындағыдай, туризм саласында тұрақты жұмыс істейтін жедел штабтар құрылды;
  • Алакөлге жақын маңдағы елді-мекендерде су бұру және жағалауды бекіту ісі қолға алынды;
  • Шығыс Қазақстан облысында танымал туристік аймақтарда коммуналдық қызметтердің жұмысы жолға қойылды.

– Жалпы өңірлерде оң динамика бар. Алайда, туристік аймақтарда жүргізілген кешенді тексерулер бұл салада әлі де жүйелі мәселелердің барын анықтады, – деп атап өтті Премьер-министр.

Олжас Бектенов бірқатар түйткілді мәселеге тоқталды:

  • Көптеген нысандарда интернет сапасы нашар. Жұмыстар әлі жоспарланып жатыр немесе қарқыны өте баяу.
  • Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу фактілері жиі көтеріледі. Көптеген кәсіпкер қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды құжаттарды керек қылмайды. Мәселен, Қарағанды облысында қазіргі таңда 149 көпшілік демалыс орнының ішінде 80 нысан ғана санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің қорытындысын алған. Ал, 28 жағажайдың тек 3-еуіне тиісті қорытынды берілген.
  • Көпшілікке танымал және шалғайда орналасқан туристік дестинацияларға көлікпен жету мәселесі мен жол бойындағы сервиске қатысты үлкен сұрақтар бар.
  • Кей жерлерде энергия қуаты жетіспейді;
  • Тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық бекеттерді, құқық қорғау органдары мен құтқару қызметтерін ұйымдастыру ісі барлық жерде бірдей шешімін таппай келеді. Туристік нысандарға жақын дәмханалар мен дүкендерде бағалар сол күйі қымбат. Шашылып жатқан қоқыстарға, демалыс орындарына апаратын жолдар мен көлік тұрақтарының жоқтығына қатысты туристер тарапынан түсіп жатқан шағымдар көп.

– Осындай мәселелерді шешу үшін барлық әкімдіктің, «Атамекен» палатасының, әр өңірден туризм саласындағы ірі кәсіпкерлердің, сондай-ақ тиісті сарапшылардың қатысуымен Жедел үйлестіру кеңесін құру қажет. Оған Аида Ғалымқызы, басшылық етеді, – деп тапсырды Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Туризм министрлігіне үш күн мерзімде Үкімет Аппаратына тиісті өкім жобасын енгізу тапсырылды. Жедел үйлестіру кеңесіне тапсырма берілді:

  • Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы мен ескертулерін назарға ала отырып, Туризмді дамыту тұжырымдамасына арналған Іс-қимыл жоспарын жаңарту;
  • мемлекеттік органдардың бірінші басшылары үшін тиісті индикаторларды қарастырып, туристік бизнесті қолдаудың нақты әрі тиімді шараларын әзірлеу;
  • әрі қарай туристік маусымды жедел қамтамасыз ету барысы жергілікті жерлерде әр облыстағы Жедел штабтардың бақылауымен жүзеге асырылады.

– Бұл іске немқұрайлы қарауға болмайды. Үкімет Аппараты туристік нысандарды жүйелі түрде тексеріп, жағдайды үнемі қадағалап отырады. Жазғы туристік маусым басталғанға дейін министрлік пен әкімдіктер демалушыларды қолайлы жағдаймен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылдасын, — деп атап өтті Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары