Ақмола облысында «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында заңсыз аң аулау дерегі бойынша айыптау үкімі шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, 3 азамат «Көкшетау» МҰТП Зеренді филиалының қорғау аймағында үш бас сібір елігін заңсыз атып, табиғатқа елеулі зиян келтірген. Іс алқабилердің қатысуымен қаралды.
"Сотталушылар кінәсін мойындамағанына қарамастан, Зеренді ауданы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысының қағидаттық ұстанымының арқасында олардың кінәсі толық дәлелденді.
Сот үкімімен қылмысты ұйымдастырушы 6 жылға бас бостандығынан айырылды, екі сыбайласы әрқайсысы 2 жыл 8 айға сотталды. Қылмыс жасау кезінде пайдаланылған автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді", - делінген хабарламада.
Бұл – аталған ауданда жыл басынан бері ҚР ҚК-нің 337-бабының ауыр бөлігі бойынша шығарылған екінші айыптау үкімі.
Ақмола облысының прокуратурасы жануарлар дүниесі объектілеріне, әсіресе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қол сұғу қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.
Табиғатты және оның биологиялық ресурстарын қорғау жұмысы ерекше бақылауда.