СҚО-да дәрігерлер салмағы 1,6 келі шақалаққа ота жасап, аман алып қалды

/
СҚО-да дәрігерлер салмағы 1,6 келі шақалаққа ота жасап, аман алып қалды
ДСМ

СҚО-дағы Көпбейінді балалар облыстық ауруханасының дәрігерлері туа біткен ақауы бар нәрестені аман алып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Petropavlovsk.news-ке сілтеме жасап.

Нәрестенің анасы жүктілігі бойынша медициналық тіркеуге тұрмаған. Сондай-ақ әйел ауруханаға жетпей жолда босанып қалған. Салдарынан бала шала туып, салмағы небәрі 1600 грамм ғана болды. Өте ауыр халде ол алдымен Облыстық перинаталдық орталыққа жеткізіліп, жағдайы біршама тұрақтанған соң, жедел түрде Көпбейінді облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. 

Зерттеу барысында нәрестеде ауыр туа біткен ақау – он екі елі ішектің атрезиясы (Q41.0) анықталды. Мұндай диагноз кезінде ішек толық бөгелген болып, операция жасалмаса бала тірі қалмайды. Өте төмен салмақ пен ағзаның жетілмегендігі жағдайды одан сайын қиындатты. 

Хирургиялық ем екі кезеңде жүргізілді. Алдымен дәрігерлер колостомия жасады. Бұл – жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік беретін уақытша шара. Содан кейін асқазан-ішек жолдарының өткізгіштігін қалпына келтіру бойынша радикалды ота жасалды.

«Салмағы 1,6 келі балаға операция жасау – бұл дерлік «ювелирлік» жұмыс, миллиметрлер есепке алынады. Алайда ең маңызды кезеңдердің бірі – балаға күтім жасау болды. Аурухана реаниматологтары нәрестенің ағзасының функцияларын тұрақтандыру үшін орасан жұмыс атқарды. Оған дем беру, тамақтандыру және операциядан кейін инфекциядан қорғау кірді», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнара Калиева.

Жүктілік кезінде медициналық бақылаудың жоқтығына, өте аз салмаққа және ауыр диагнозға қарамастан, бала аман қалды. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары