ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Әскери департаменті жолдаған ұсынысты қарауға арналған жиын өтті. Кездесуде азаматтардың өтініштерін қарау саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және анықталған кем-кетіктерді түзеу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жиынға ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының Құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының бастығы полковник Ермек Бургебаев төрағалық етті. Іс-шараға Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Әскери департаментінің өкілдері, сондай-ақ «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының, Ұлттық ұлан Академиясының және тікелей бағынысты әскери бөлімдердің құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімдерінің басшылары қатысты.
Жиын барысында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Әскери департаментінің аға прокуроры 1-сыныпты заңгер Жадыра Әбжапбарова, Әскери департаменттің прокуроры әділет кеңесшісі Назерке Сатыбалдиева және Бас қолбасшылықтың Құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының бастығы полковник Ермек Бургебаев баяндама жасап, тиісті түсіндірмелер берді. Талқылау кезінде анықталған кемшіліктер жан-жақты қаралып, заң талаптарын сақтау бойынша нақты түсініктемелер ұсынылды және оларды жою жолдары айқындалды.
Қатысушылар азаматтардың өтініштерімен жұмыс сапасын арттыруға, белгіленген мерзімдердің сақталуына және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне ерекше назар аударды. Жиын қорытындысы бойынша Әскери департамент өкілдері өңірлік қолбасшылықтардан келген өзекті сұрақтарға жауап беріп, алдағы кезеңге арналған практикалық бағыт-бағдар берді.