Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі фармацевтика саласындағы қылмыстық схемаларды ұйымдастырушыларды анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды turkystan.kz.
ҰҚК мәліметінше, Медициналық құралдарды “Қазақстанда жасалған” деп жалған көрсетіп, шын мәнінде шетелден әкелген үлкен алаяқтық схема әшкереленіп, тоқтатылды.
«OrdaMed» АҚ басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісінің бар екені туралы жалған құжаттарды пайдалана отырып, халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін аса қажет 28 атаудағы медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз преференциялар алған.
Алайда іс жүзінде дайын медициналық жабдық шетелден жеткізілген. Нәтижесінде мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде залал келтірілген. Тінту шаралары барысында «OrdaMed» АҚ басшылығынан құны
1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленді, «Interdentica», «Erkin Brand» және «OrdaMed» компанияларындағы қатысу үлестері тыйым салынған. Сот санкциясымен «OrdaMed» АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды», - делінген ақпаратта.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.