Шығын – 80 млн теңге: МӘМС саласындағы үлкен алаяқтық іс бойынша үкім шығарылды

/
Шығын – 80 млн теңге: МӘМС саласындағы үлкен алаяқтық іс бойынша үкім шығарылды
istockphoto.com

2026 жылғы 21 қаңтарда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты МӘМС саласындағы ірі алаяқтық ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алаяқтық жасады деп айыпталған Н және А алдын-ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде алдау жолымен бөтеннің мүлкін иемдену, сондай-ақ қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ірі мөлшерде алаяқтық жасау бойынша кінәлі деп танылды.

Істің мән-жайы

Н «ЖШС» медициналық ұйымының құрылтайшысы бола отырып, 2023 жылғы сәуір-шілде аралығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру мақсатында азаматтарды өз медициналық ұйымына жалған тіркеудің заңсыз схемасын ұйымдастырған. Қылмыстық ниетін жүзеге асыру үшін Н «Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» Астана филиалының маманы А-ға ақшалай сыйақы үшін азаматтарды тіркеуге қатысты жалған өтінімдерді заңсыз мақұлдап, бекітіп беруді ұсынған. А бұл ұсынысқа келісіп, өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жалған өтінімдерді бекіткен. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде «ЖШС» медициналық ұйымына 15 мыңнан астам азамат жалған түрде тіркеліп, бұл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын заңсыз алуға әкеп соққан.

Белгілі болғандай, Қорға аса ірі мөлшерде — шамамен 80 млн теңге көлемінде залал келтірілген, оның 7,5 млн теңгесі А-ның тікелей әрекеттерінен келген материалдық шығынды құрайды. Заңсыз жолмен алынған қаражат Н мен А арасында бөлінген.

Сотталушылар кінәларын толық мойындады. Қорғау тарапы шартты жаза тағайындауды өтінді.

Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде кәмелетке толмаған балаларының болуын, кінәні мойындауын, шын жүректен өкінуін және бұрын сотты болмағанын ескерді.

Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Қылмыстың сипаты мен ауырлығын, сондай-ақ аса ірі мөлшердегі келтірілген залалдың өтелмегенін ескере отырып, сот Н-ға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді.

А-ға 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, амнистия туралы заң негізінде жаза мерзімі 1/5-ке қысқартылып, түпкілікті 2 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру түрінде белгіленді. Жаза орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеледі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары