Ақтөбе қаласындағы №65 орта мектептің 11-сынып оқушысы Жұмабай Айсәуле қаңтар айындағы сынақ форматындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) 138 балл жинап, республикалық рекорд орнатты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Айсәуле – үздік оқушы, зияткерлік байқаулар мен пәндік олимпиадаларға белсенді қатысып, тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Бос уақытында оқушы «Тарих мектебіне» қосымша сабақтарға қатысып, емтихандарға тереңдетіп дайындалуға ерекше көңіл бөледі.
Оқушының жетістіктері қатарында ағылшын тілі пәні бойынша республикалық олимпиаданың қалалық және облыстық кезеңдеріндегі жүлделі орындар, сондай-ақ лингвистикалық және математикалық олимпиадалардағы жоғары нәтижелері бар. Сынақ ҰБТ-дағы жоғары көрсеткіш Айсәуленің мақсаткерлігі, еңбекқорлығы және білім деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.