Полиция некеге мәжбүрлеу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды

/
Полиция некеге мәжбүрлеу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды
Polisia.kz

Құқық қорғау органдары атап өткендей, некеге мәжбүрлеудің кез келген түрі қазақ халқының шынайы дәстүрлеріне еш қатысы жоқ. Тарихи тұрғыда Қазақстанда отбасы өзара келісім, құрмет және ерікті таңдау негізінде құрылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зорлық-зомбылық, қысым көрсету және ұрлау –  бұл дәстүр емес, адам құқықтарына өрескел қол сұғу.

Мемлекеттің бұл мәселедегі ұстанымы айқын. Қылмыстық кодекске некеге мәжбүрлеу үшін жауапкершілікті көздейтін 125-1-бап енгізілді. Аталған норма Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдендірілген жеке тұлғаның бостандығын, ар-намысы мен қадір-қасиетін, сондай-ақ жеке өміріне қол сұқпаушылық құқығын қорғауға бағытталған.

Бұл адамның еркін таңдау құқығынан айыратын кез келген әрекеттерге қатысты: қорқыту, психологиялық қысым көрсету, бопсалау, физикалық күш қолдану немесе некеге тұру мақсатында ұрлау. Қандай себептермен ақталса да, мұндай әрекеттерді «дәстүр» деп көрсетуге тырысса да, заң оларды қылмыстық іс-әрекет деп бағалайды.

«Ешқандай әдет-ғұрып пен дәстүр заңды бұзуға және адам құқықтарын шектеуге сылтау бола алмайды. Заңның үстемдігі – әділетті әрі қауіпсіз қоғамның негізі», – деп бірнеше рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жолдаған еді.

Заң талаптарын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Полиция азаматтарды сергек болуға, мәжбүрлеу фактілеріне бейжай қарамауға және отбасы құру тек өзара келісім арқылы ғана мүмкін екенін ұмытпауға шақырады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары