Әлемде ең кең таралған ауырсынуды басатын парацетамол дәрісі тек ауырсынуды қабылдауға ғана емес, адамның мінез-құлқына да әсер етуі мүмкін. Мұндай қорытындыға Огайо штаты университетінің зерттеушілері келді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар препаратты қабылдау қорқыныш сезімін бәсеңдетіп, адамдарды тәуекелге бейім ететінін анықтаған. Зерттеу Social Cognitive and Affective Neuroscience (SCAN) журналында жарияланды.
Парацетамол – ең жиі қолданылатын дәрілердің бірі. Сондықтан оның мінез-құлыққа ықтимал әсері ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Нейробиолог Балдвин Вэйдің айтуынша, парацетамол қауіпті жағдайлармен байланысты жағымсыз эмоциялардың қарқындылығын төмендететін сияқты.
500-ден астам студент қатысқан эксперименттерде еріктілерге 1000 мг парацетамол немесе плацебо берілді. Кейін қатысушылар виртуалды шарды үрлеу арқылы ұпай жинайтын тапсырманы орындады. Парацетамол қабылдағандар бақылау тобына қарағанда шарды көбірек үрлеп, жиі «жарған», бұл тәуекелі жоғары мінез-құлықты көрсетеді.
Қосымша тестілерде де қатысушылар тәуекелді жағдайларды төмен бағалауға бейім болған. Алайда зерттеу авторлары бұл өзгерістердің мардымсыз екенін және препарат нақты өмірде қауіпті әрекеттерге тікелей әкелмейтінін атап өтті.
Соған қарамастан, деректер парацетамолдың физикалық ауырсынумен қатар эмоциялық реакцияларды да бәсеңдетуі мүмкін екенін көрсетеді. Ғалымдар бұл әсердің механизмін және ықтимал салдарын анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет екенін айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы парацетамолды әлі де маңызды дәрілер қатарына жатқызады, бірақ зерттеушілер рецептсіз препараттардың да мінез-құлыққа ықпалын тереңірек зерделеу қажеттігін алға тартады.