21 қаңтар күні шамамен сағат 14:50-де Өскемен — Семей тасжолының 25-шақырымында DAF XF маркалы жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жүргізуші ауа райының қолайсыздығымен жол төсемінің жағдайын ескермей, басқаруды игере алмай, нәтижесінде көлік жол жиегіне аударылып кеткен.
Оқиға орнына жедел түрде Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының қызметкерлері келіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдап, жүргізушіге қажетті көмек көрсетті.
Сондай-ақ оқиғаның салдарын жоюға волонтёрлер тартылып, олар тасымалданған жүктің бір бөлігін түсіруге қолғабыс болды. Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері жүргізушінің түнгі уақытта қауіпсіз жағдайда болуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы жылыту бекетін орнатты.
22 қаңтарда жүк көлігі арнайы техниканың көмегімен сәтті эвакуацияланды.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жүргізушілерге қыс мезгілінде, әсіресе қала сыртындағы тасжолдарда, ауа райы мен жол жағдайын қатаң ескеру қажеттігін ескертеді.