Ұлттық ұланның сарбазы әскери қызметте арманына қол жеткізді

/
Ұлттық ұланның сарбазы әскери қызметте арманына қол жеткізді
Ұлттық ұлан

Тараз қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінде қатардағы Нұрдәулет Жалиев қызмет атқарады. Ол әскерге саналы түрде, нақты мақсатпен келді. Оның бала кезден бергі арманы -  музыка әлемінде өз орнын тауып, әскери оркестр құрамында өнер көрсету, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнерге деген құштарлық Нұрдәулетті ерте жастан жетеледі. Мектеп қабырғасынан бастап ол көпшілік алдында ән айтып, баян аспабында еркін ойнады. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген оның бойында  жауапкершілік және табандылық секілді қасиеттер  қалыптасты. 

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжін тәмамдаған соң, оның алдында екі таңдау тұрды. Бірі – музыка пәнінің мұғалімі ретінде еңбек ету. Екіншісі – бала күнгі арманынан бас тартпай, дара жол салу. Нұрдәулет жүрегі қалаған бағытты таңдады.

Арман жолында ол тынымсыз еңбектеніп, кәсіби тұрғыда дамып, әскери оркестрге қабылдану үшін қажетті құжаттарды жинады. Алайда оған өз арманына жету жолында  әскери билетінің болмауы кедергі болды.

Бұл жағдай жас музыканттың жігерін жасытпады. 21 жасында ол әскерге бару  жөнінде шешім қабылдап, мақсатына бір қадам жақындай түсті. Ата-анасы ұлының болашағына қатысты таңдауын қолдады. Себебі өздері де шығармашыл жандар  бұл шешімнің "жеті рет өлшеп, бір рет кесілгенін" түсінді.

Мерзімді әскери қызметтегі алты айда қатардағы Жалиев өзін жауапты әрі тәртіпті әскери қызметші ретінде көрсетті және келісімшарт негізінде қызметін жалғастыру құқығына ие болды. Әскери бөлімнің табалдырығын аттағаннан бастап бөлім командирлері Нұрдәулеттің әскери оркестрде өнер көрсетуге деген ниетін білді. Оның талабы, тәртібі мен қызметке деген жауапкершілігі назардан тыс қалған жоқ.

Қазіргі уақытта қатардағы Нұрдәулет Жалиев 5513 әскери бөлімінің  оркестрі құрамында өнер көрсетіп жүр. Ол жаңа музыкалық аспаптарды меңгеріп, кәсіби шеберлігін арттырып, шығармашылық тұрғыда дамуын жалғастырып жатыр.

Арманға жету үшін әр адам табандылық танытып, кездескен қиындықтарды еңсеру қажет. Алайда кей жағдайда жалғыз жігердің өзі жеткіліксіз болып, арманын орындау үшін мүмкіндік сыйлайтын орта керек болады. Нұрдәулет үшін дәл осындай мүмкіндік, арманын жүзеге асыруға жол ашатын орта Ұлттық ұландағы мерзімді әскери қызметтен табылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары