Қырғызстанның Ош облысы Өзгөн ауданында қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бір жарым айлық сәби ата-анасы оны халық емшілеріне апарып, баланың арқасына тілік жасап (насечка) емдеткеннен кейін көз жұмды. Бұл ақпаратты аумақтық аурухана растағаны жайлы 24.kg жазды.
Дәрігерлердің айтуынша, нәресте 21 қаңтарға қараған түні медициналық мекемеге өте ауыр хәлде жеткізілген. Балаға постгеморрагиялық шок және көп мөлшерде қан кету диагнозы қойылған. Жағдайы аса ауыр (критикалық) деп бағаланған.
«Ата-анасы баланы халық емшілеріне апарып, арқасына тілік жасатқан. Оның гемоглобині 45 болды, ал қалыпты көрсеткіш 110–120. Өкінішке қарай, біз сәбиді аман алып қала алмадық. Оған қанша күн бойы тілік жасағаны белгісіз. Оқиға туралы шұғыл хабарламаны бірден аудандық ішкі істер бөліміне (РОВД) жолдадық», – деді аурухана өкілдері.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, тексеру жүргізілуде.