«AMANAT» фракциясының депутаты Еділ Жаңбыршин Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Р. В. Склярға коммуналдық және энергетикалық салалардағы жүйелі проблемалар туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттар Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда атап өткендей, елдегі энергетикалық жүйеде ұзақ жылдар бойы қордаланған проблемалар бар екенін, олардың тек экономикалық жоспарларға ғана емес, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне де тікелей қатер төндіретінін ескертті. Қазіргі электр энергиясын өндіру көлемі – 123 млрд киловатт-сағат – ел үшін шекті деңгейге жеткен.
Сауалда Қазақстанның энергетикалық жүйесінің беріктік қоры ең төменгі шекте екенін, ескі және тиімсіз технологиялар әлі күнге дейін қолданылып келе жатқанын, бұл цифрландыру мен индустрияландыру бағдарламаларының нақты нәтиже беруіне кедергі келтіретінін атап өткен. Мысалы, көмір қоры тиімді пайдаланылған жағдайда үш ғасырға жететін елде заманауи, экологиялық таза генерацияны дамыту қажеттілігі туындап отыр.
Депутат мына мәселелер бойынша нақты ақпарат беруді сұрап отыр:
- Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу-электр орталықтарының құрылысы неліктен басталмаған?
- Екібастұздағы ГРЭС-2 кеңейту жобасының мәртебесі қандай, ГРЭС-3 құрылысы қашан басталады?
- Курчатов қаласындағы электр станциясын уақтылы пайдалануға беру үшін қандай шаралар қабылдануда?
- Экологиялық жүктемені азайту үшін Ұлттық жоба аясында қандай заманауи көмір генерациясы технологиялары енгізіледі?
- Газ генерациясын дамыту, гидроэнергетиканың әлеуетін тиімді пайдалану бойынша нақты жоспарлар қандай?
Депутаттар атап өткендей, азаматтар мемлекеттің тиімділігін стратегиялық бағдарламалар мен есептерге қарап емес, өз үйлеріндегі тұрақты жылу мен жарыққа қарап бағалайды. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздік мәселелері енді кешіктірмей шешілуге тиіс.