Депутат Үкіметке жол сапасын жақсарту туралы сауал жолдады

/
Депутат Үкіметке жол сапасын жақсарту туралы сауал жолдады
сурет: parlam.kz

«AMANAT» фракциясының депутаты Жанарбек Әшімжан Қазақстан Республикасының Премьер-министрі О. А. Бектеновке жол инфрақұрылымын жаңғырту және жол сапасын арттыру мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутат өз сауалында жолдардың ел экономикасы мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін қаншалықты маңызды екенін атап көрсеткен. Ол кейбір республикалық маңызы бар бағыттардағы тарлық, қарсы бағыттағы көліктердің бетпе-бет қозғалысы, жол инфрақұрылымының заманауи талаптарға сай келмеуі сияқты мәселелер жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне әкеліп отырғанын ескертті.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2025 жылы республика жолдарында 32 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген, ал 14 миллионнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактілері анықталған. Полиция органдары сондай-ақ жол тексеру барысында 90 мыңға жуық кемшілікті анықтап, жол сапасын сақтамаған 7,4 мың лауазымды және заңды тұлғаны жауапқа тартқан.

Жанарбек Әшімжан жақсы нәтиже берген тәжірибелерге де тоқталып, республикалық маңызы бар жолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесінің енгізілуі жол-көлік оқиғаларының азаюына ықпал еткенін атап өтті.

Депутат Үкіметке мына шараларды қолға алуды ұсынды:

  1. Жол сапасын мемлекеттік бақылауды күшейту
  2. Тәуелсіз халықаралық сараптама институтын енгізу
  3. Мерзімге қатаң бақылау тетігін енгізу
  4. Құрылыс барысын онлайн бақылау жүйесі арқылы көрсету
  5. Сапа мен мерзім талаптары бұзылған жағдайда қатаң санкциялар қолдану
  6. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету
  7. Құрылыс тендерлерінің ашықтығын қамтамасыз ету
  8. Жол қауіпсіздігі инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай жетілдіру

Жанарбек Әшімжан Үкімет пен жауапты органдардан жазбаша жауап беруді сұрап отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары