Петропавлда іш қуысы ауыр жарақаттанған 50 жастағы әйелге дәрігерлер шұғыл түрде күрделі операция жасап, оның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Хирургиялық араласу шамамен екі сағатқа созылды. Ота барысында іш қуысында қан жиналғаны, асқазанның, ұйқы безінің және бауырдың сол жақ бөлігінің зақымданғаны анықталды. Барлық жарақатқа тігіс салынып, науқасты қоректендіру үшін зонд орнатылды. Операцияны хирургтар Руслан Захаров пен Евгений Шевченко жасап, анестезиологиялық қамтамасыз етуді Юлия Кипень жүргізді.
Отадан кейін пациент төрт күн бойы реанимация бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Кейін хирургия бөлімшесіне ауыстырылып, ем нәтижесінде оң динамика байқалды: науқастың жағдайы тұрақталып, жоспарлы түрде қалпына келе бастады.
Операциядан кейінгі оныншы тәулікте әйел қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылып, әрі қарай амбулаториялық бақылауға жіберілді. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай күрделі оталар медициналық қызметкерлердің кәсіби шеберлігі мен командалық жұмысының нәтижесін айқын көрсетеді.